Шымкент пен Венгрия арасындағы ынтымақтастық жаңа бағыттар бойынша дамиды

0
111

Тараптар туристік байланыстарды дамыту мәселесіне де назар аударды.


Шымкент пен Венгрия арасындағы ынтымақтастық жаңа бағыттар бойынша дамиды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қазақстан Республикасындағы Венгрияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Ференц Цомбош бастаған венгр делегациясымен кездесті.

Кездесу барысында өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және инвестиция тарту мәселелері талқыланды.

Кездесуде өңіраралық байланысты нығайтудың маңыздылығы атап өтілді. Биыл қазан айында Шымкент пен Венгрияның Дебрецен қаласы арасында бауырлас қала қатынастарын орнату туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бұл келісім тәжірибе алмасуға, кәсіпкерлік байланыстарды дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Тараптар туристік байланыстарды дамыту мәселесіне де назар аударды. Осы орайда Шымкентте Венгрияның визалық орталығын ашу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Бұл бастама визалық рәсімдерді жеңілдетіп, туризм мен іскерлік сапарларды дамытуға ықпал етеді.
Сонымен қатар Шымкент – Будапешт бағытындағы тікелей әуе қатынасының екі ел арасындағы байланыстарды нығайтудағы маңызы сөз болды. Қала әкімі Венгрия Елшілігіне мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға және тұрғындарды венгр халқының тарихы мен салт-дәстүрімен таныстыруға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға ынтымақтастықтың нақты бағыттары мен бірлескен бастамаларды қамтитын Жол картасын әзірлеу тапсырылды.
Қол жеткізілген уағдаластықтар Шымкент пен Венгрия қалалары арасындағы әріптестікті кеңейтіп, екі елдің өзара тиімді байланыстарын одан әрі нығайтуға негіз болады.
Бөлісу