“Қазатомөнеркәсіп“ басқарма мүшесі ұсталғаннан кейін мәлімдеме жасады

0
97

25 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков пен басқа да тұлғалар ұсталғанын растады.


“Қазатомөнеркәсіп“ басқарма мүшесі ұсталғаннан кейін мәлімдеме жасады

Фото: kazatomprom.kz

ERNUR.KZ. "Қазатомөнеркәсіп" компаниясы топ-менеджер Қуаныш Омарбеков пен басқа да тұлғалардың ұсталуына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп жазады tengrinews.kz.

25 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков пен басқа да тұлғалар ұсталғанын растады.

Олар "Самұрық-Қазынаның" бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген. Еске сала кетейік, 11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақұповты ұстаған болатын.

"Қазатомөнеркәсіп" ҰАК Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпараты бойынша Қазатомөнеркәсіптің басқарма мүшесі - өндіріс жөніндегі бас директоры қызметін атқарған Қуаныш Омарбековке және басқа да адамдарға қатысты сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қатысы бар деген күдік бойынша тергеу іс-шаралары басталғанын хабарлайды. Компания құқық қорғау органдарымен ынтымақтаса отырып тергеуге көмек көрсетіп жатыр. Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес компанияның тергеу кезеңінде түсініктеме беруге құқығы жоқ", - делінген компанияның ресми хабарламасында.

Сондай-ақ "Қазатомөнеркәсіп" штаттық режимде жұмыс істеп жатқаны хабарланды. Компания акционерлер мен басқа да тараптардың мүдделеріне сәйкес 2026 жылға арналған барлық өндірістік және қаржылық болжамның орындалуын растайды. Қазатомөнеркәсіптің даму стратегиясы өзгеріссіз қалады және стратегиялық міндеттердің жүзеге асуы бекітілген жоспарға сай жалғасады.

"Компания ашықтық, айқындық және кез келген құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік қағидаттарын ұстанады".

Айта кетейік, ҰҚК-нің ресми хабарламасына дейін "Қазатомөнеркәсіп" сайтында екі топ-менеджердің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғаны туралы ақпарат жарияланды. Компания 2026 жылғы 24 қарашада Директорлар кеңесінің шешімімен басқарма мүшелері - коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужин мен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбековтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанын хабарлады.

Екі апта бұрын ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевті және басқа да адамдарды сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұстаған.

Анықтама: "Самұрық-Қазына" - Қазақстанның ірі стратегиялық кәсіпорындарын басқару және олардың тиімділігін арттыру мақсатында құрылған мемлекеттік әл-ауқат қоры. Ол ұлттық экономиканың негізгі активтеріне иелік етіп, оларды ел азаматтарының мүддесі үшін басқаратын холдинг қызметін атқарады. Қордың құрамына мұнай-газ, көлік, энергетика және телекоммуникация салаларындағы ірі компаниялар кіреді. Олардың қатарында "ҚазМұнайГаз", "Қазақстан темір жолы", "Қазатомөнеркәсіп", "Эйр Астана", "Қазақтелеком" және KEGOC бар.

Ұстаулардан кейін Жоғары аудиторлық палата "Самұрық-Қазына" тобы мен ҚТЖ компанияларына жүргізілген тексеріс нәтижелерін хабарлады. Қордың 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы аудитінің қорытындысы таратылуы шектеулі ақпаратқа жатқызылды. ЖАП жауабында тексеріс 18 ұйымды, оның ішінде "Қазатомөнеркәсіпті" қамтығанын көрсеткен.