Қазақстанда балаларға туысының дің жасушаларын алуға заңмен рұқсат етілмек

0
225

​Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда трансплантология саласы 2012 жылдан бастап белсенді дами бастаған.


Қазақстанда балаларға туысының дің жасушаларын алуға заңмен рұқсат етілмек

Фотоколлаж Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

ERNUR.KZ. Қазақстанда қан ауруына шалдыққан балаларға туған бауырынан немесе әпке-сіңлісінен дің жасушаларын трансплантациялауға заң жүзінде рұқсат беру қаралып жатыр. Ол үшін донор мен баланың генетикалық сәйкестігі анықталуы керек. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Құрылтайда өткен брифингте мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда трансплантология саласы 2012 жылдан бастап белсенді дами бастаған. Осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру үшін республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығы құрылған. Қазір елімізде 11 трансплантация орталығы жұмыс істейді.

«2013 жылдан бері Қазақстанда шамамен 3 100 ағза трансплантациясы жасалған. Оның 2 500-ге жуығы тірі донорлардың көмегімен жүзеге асқан. Бұл – жалпы операциялардың 83 пайызы. Ал 514 трансплантация қайтыс болғаннан кейінгі донорлық арқылы жасалған. Соған қарамастан, ағза тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Қазіргі уақытта Қазақстанда шамамен 4 800 адам трансплантация кезегінде тұр», деді ол.

Тимур Сұлтанғазиев жаңа заң жобасында балалар арасында гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялауға қатысты арнайы нормалар қарастырылғанын айтты.

«Бұл, әсіресе, лейкоз және басқа да қан ауруларына шалдыққан балалар үшін маңызды. Егер генетикалық сәйкестік анықталса, балаға бауырынан немесе әпке-сіңлісінен дің жасушаларын алуға мүмкіндік беріледі. Ол үшін HLA-типтеу арқылы донор мен науқас баланың генетикалық сәйкестігі тексеріледі. Сонымен қатар ата-анасының және баланың келісімі талап етіледі», деді вице-министр.

Бірінші вице-министрдің түсіндіруінше, бұл процедура тұтас бір ағзаны трансплантациялаудан ерекшеленеді. Донордың қанынан гемопоэтикалық дің жасушалары бөлініп алынады, ал қанның қалған бөлігі қайтадан донордың ағзасына қайтарылады.

«Бұған дейін балалар арасында мұндай трансплантацияны жүргізудің құқықтық тетігі болған жоқ. Енді осы мүмкіндікті заңнамалық тұрғыдан бекітіп отырмыз», – деді Тимур Сұлтанғазиев.