Портал арқылы азаматтар оңалту құралдарына, шипажайда ем алуға және жеке көмекші қызметтеріне қол жеткізе алады.
Фото: Адлет Беремкулов/ Kazinform
ERNUR.KZ. Қазақстанда мүгедектікті белгілеу кезінде қызмет көрсету мерзімін қысқарту үшін жаңа цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев мәлімдеді, деп жазады inform.kz.
Оның айтуынша, бұл бағытта медициналық деректер негізінде сарапшыларға ұсынымдар қалыптастыратын жасанды интеллект моделі іске қосылған.
— Медициналық деректер мен құжаттар негізінде сарапшыларға ұсынымдар беретін жүйе енгізілді. Бұл ретте түпкілікті шешімді маман қабылдайды. Жүйе іске қосылған сәттен бастап 24 мыңнан астам өтінім өңделді, — деді ол.
Сонымен қатар қызмет алу процесін жеңілдету үшін электрондық кезек жүйесі енгізіліп жатыр.
— Ақмола облысында пилоттық жоба аясында 1,6 мыңға жуық өтінім берілді. Оның ішінде 1,1 мыңнан астам азамат куәландыру рәсімінен өтуге жазылды. Бұл күту уақытын қысқартып, қызмет алу үдерісін жеңілдетті, — деді Бахтияр Жазықпаев.
Вице-министрдің сөзінше, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
— Электрондық кезекті кеңейту, жасанды интеллект модельдерін дамыту және оларды денсаулық сақтау жүйелерімен біріктіру жоспарланып отыр, — деді ол.
Бұдан бөлек, әлеуметтік қызметтер порталын дамыту жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр.
Портал арқылы азаматтар оңалту құралдарына, шипажайда ем алуға және жеке көмекші қызметтеріне қол жеткізе алады.


