Малдың жоғалғаны туралы хабарларды жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде жариялады.
ERNUR.KZ. Маңғыстау ауданында мол жауын-шашын салдарынан жылқылар қырылды. Жаңбырдан кейін жануарлар сорға батып, өліп қалған, деп жазады Stan.kz.
Малдың жоғалғаны туралы хабарларды жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде жариялады. Олардың айтуынша, әр аула бірнеше бастан он басқа дейін малынан айырылған.
"Қатты жауыннан кейін Маңғыстауда Ақшымырау ауылы маңындағы малды су ағызып әкетіп, сорға түсірді. Көптеген жылқы тұзды лайға батып қырылды, тағы бір бөлігі шыға алмай жатыр. Егер Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті билік көмек көрсетпесе, жағдай едәуір нашарлауы мүмкін", – деп жазады ауыл тұрғындары.
Олар жергілікті билік өкілдерін мәселеге назар аударуға шақырды.
Маңғыстау ауданы әкімдігінің хабарлауынша, жағдайды бағалау үшін мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, 100-ден астам жылқы табылған. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар қырылған малдың нақты санын анықтап жатыр, өйткені иелері әзірге мал басын толық есептей алмай отыр.
Алдын ала бағалау бойынша, мал қырылуына негізгі себеп – қолайсыз ауа райы жағдайлары: қатты жел мен нөсер жауын. Бағытынан адасқан жануарлар жетуі қиын аумақтарға тап болып, шамадан тыс ылғалданған жерде қырылған. Кейбір үйір елді мекендерден 60–80 шақырымға дейінгі қашықтықта қырылуы мүмкін.
"Салдарын жою үшін барлық күш пен құрал жұмылдырылды: өңірдегі ірі кәсіпорындардың техникасы, төтенше жағдайлар қызметтері және жергілікті атқарушы органдар тартылды. Суды сору және қалпына келтіру жұмыстары күшейтілген режимде жалғасып жатыр. Жағдай ерекше бақылауда. Мал иелерімен жұмыс жүргізілуде, заманауи мониторинг құралдары мен арнайы техника қолданылуда", — деп хабарлады Маңғыстау ауданы әкімдігі.


