Құрылыста құжаттарды тексеру үшін жасанды интеллект қолданылмақ

0
143

Әзірге бұл пилоттық режимде жұмыс істейтін болады.


Құрылыста құжаттарды тексеру үшін жасанды интеллект қолданылмақ

Фото: news.myseldon.com

ERNUR.KZ. Осы жылдың бірінші тоқсанында пилоттық режимде құжаттың толықтығын тексеру үшін жасанды интеллектіні қолдану жоспарланып отыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Қазіргі уақытта құрылыс саласында үш ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Жоспарлау – Градкадастр жүйесінде; Жобалық құжаттаманы сараптау – мемлекеттік сараптама үшін "E-PSD" жүйесінде ал жеке сараптама үшін "Сарапшылар палатасы" жүйесінде және құрылыс кезеңі – e-Qurylys жүйесінде жүргізіледі. Алайда осыған дейін аталған жүйелер әрқайсысы дербес жұмыс істеп келді. Сондықтан барлық ақпараттық жүйелерді біріктіретін және құрылыс объектілерінің барлық кезеңін қамтитын Біріккен құрылыс парталы құрылды", – деді министр Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, құрылыста отандық тауарларды қолданудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында, отандық тауар өндірушілер тізілімін құру құрылыс каталогындағы (АГСК) кодттарды беру арқылы жасалады. Жүйе осы жылдың 1 қаңтарынан бастап пилоттық режимде іске қосылды.

Аталған порталда BIM-технологияларын енгізу жұмыстары басталды және қазірдің өзінде қырықтан астам мемлекеттік қызметтер автоматтандырылған. Жүйе объектілердің электрондық 3D-модельдерімен IFC нейтралды форматында жобаларды визуалды талдауға мүмкіндік береді.

"Бұл барлық ақпаратты бір цифрлық ортаға біріктіріп, жобалық шешімдердің сапасын мемлекеттік деңгейде автоматтандыру түрде бақылауды қамтамасыз етеді. Осы жылдың бірінші тоқсанында пилоттық режимде құжаттың толықтығын тексеру үшін жасанды интеллектіні қолдану жоспарланып отыр. Кейін оны сметалық есептеулер мен жобалық нормаларды тексеруде қолдану жоспарлануда", – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.