Қазақстанда міндетті түрде таңбаланатын тауарлар тізімі кеңейді

0
154

Елімізде тауар айналымының бірыңғай жүйесі қалыптасып келеді. Басты мақсат - сауда-саттықтың ашықтығын арттыру, көлеңкелі нарықты азайты, мемлекеттік реттеудің тиімділігін күшейту.


Қазақстанда міндетті түрде таңбаланатын тауарлар тізімі кеңейді

ERNUR.KZ. Бұл жүйе цифрлық сәйкестендіру мен деректер алмасу арқылы тауардың өндірілген немесе импортталған сәтінен бастап соңғы тұтынушыға дейінгі жолын қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл тәжірибе темекі өнімдерін міндетті таңбалаудан бастау алды. Тізімге 2021 жылы аяқ киім, 2024 жылы дәрі-дәрмектер енгізілді. Биылдан бастап мотор майлары мен сыра өнімдері, биологиялық белсенді қоспалар таңбаланатын болды. Бұл туралы ОКҚ баспасөз конференциясында сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов хабарлады.

Вице-министрдің айтуынша, 2026 жылдың желтоқсанынан бастап жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен зергерлік бұйымдар да таңбаланады деп жоспарланған.

«Таңбалау қазірдің өзінде нәтиже беріп жатыр. 2024 жылдың 1 шілдесінен бері жүйе дәріханаларда заңсыз сатылып жатқан тегін дәрінің 27 мыңнан астам қаптамасын анықтады. Нәтижесінде 31 ұйым 12,3 млн теңге айыппұл төледі, 43 дәріханаға бұзушылықты жою туралы нұсқама берілді», – деді Әсет Нүсіпов.

Қазақстанда 2027–2029 жылдарға арналған міндетті цифрлық таңбалауды кеңейту кестесі бекітілді. Енді таңбалау тізіміне тағы сегіз тауар тобы қосылады: азық-түлік, тұрмыстық химия, косметика, балалар ойыншықтары және т.б. Бекітілген кестеге сәйкес, 2027 жылдан 2029 жылға дейін мына тауар топтары таңбаланады: тұрмыстық химия және косметика – 2027 жылдың наурызынан бастап кезең-кезеңімен; өсімдік майы – 2027 жылдың сәуірінен бастап; кондитерлік бұйымдардың жекелеген түрлері – 2027 жылдың қыркүйегінен бастап; балалар ойыншықтары – 2028 жылдың ақпанынан бастап; ерігіш сусындар - 2028 жылдың маусымынан бастап; антисептиктер – 2028 жылдың тамызынан бастап; азық-түлік өнімдері – 2028 жылдың қыркүйегі мен 2029 жылдың мамырынан бастап кезең-кезеңімен; консервіленген өнімдер – 2029 жылдың сәуірінен бастап.

Сондай-ақ биыл мұнай өнімдерін молекулалық таңбалау бойынша пилоттық жоба басталды. Бұл технология отынға арнайы маркер қосу арқылы оның сапасы мен шығу тегін мобильді анализаторлармен текксеруге мүмкіндік береді.