Кейінгі алты жылда ел көлемінде 97,9 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 871 404 пәтер пайдалануға берілді.
ERNUR.KZ. Тамыздың екінші жексенбісінде Құрылысшылар күні аталып өтеді. Бұл саласы – ел дамуының негізгі драйверлерінің бірі. Құрылысшылар – қала мен ауылдың көрікті сәулетін, келісті келбетін қалыптастыратын өрісті, өнімді еңбек саласының бірегей буыны.
Кейінгі алты жылда ел көлемінде 97,9 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 871 404 пәтер пайдалануға берілді. 2025 жылдың алғашқы алты айында ғана 7,9 млн шаршы метр, 72 300 тұрғын үй тапсырылды. Бұл да болса – тұрақты өсу динамикасының нақты көрсеткіші. Сандардың сыртында қолайлы да заманауи өмір сүру ортасын жасайтын инженерлердің, сәулетшілердің, дизайнерлердің, құрыш қолды қарапайым жұмысшылардың ересен еңбегі тұр.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев: «Тұрғын үй құрылысын дамыту инвестицияның ұлғаюымен қатар жүреді. Алты жылда салаға 15,4 трлн теңге, осы жылдың алты айында тағы 1,5 трлн теңге тартылды. Қаражат тек жаңа үйлердің құрылысына ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға да бағытталып отыр. Мемлекет басшысының биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы жұмысшы мамандықтар беделін арттыру жолындағы маңызды қадам болды», деп атап өтті.
Саланы дамытудың негізгі көрсеткіші – адами капитал. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың I тоқсанындағы жағдай бойынша құрылыс саласында 106 мыңнан астам қызметші жұмыспен қамтылды. Сала қызметкерлерінің орташа жалақысы – 485 мың теңге, бұл елдегі орташа айлық жалақы мөлшерінен (423 мың теңге) 14,8%-ға жоғары.
Елімізде ортамерзімді кезеңде кадрларға болжамды қажеттілік шамамен 3 млн адамды құрайды, оның 7%-ы, шамамен 210 мың адам құрылыс саласына тиесілі. Мемлекет ұдайы құрылыс саласындағы адами капиталды дамыту, мамандардың біліктілігін арттыру жөнінде түрлі іс-шаралар өткізіп отырады. Айталық, бакалавриатқа түсуге 2025–2026 оқу жылында 77 мыңнан астам грант бөлінді, оның ішінде инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары бойынша жоғары білім алуға 22 мыңнан астам грант бөлінді. Техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» бағыты бойынша 2024–2025 оқу жылының басынан 160 мыңнан астам адам, сондай-ақ жоғары білім беру бағдарламалары бойынша 102 мыңнан астам студент оқып жатыр.
Колледж түлектерінің құрылыс саласына жұмысқа орналасуы 82,7% құрайды. 2024 жылғы 15 қаңтардан бастап ауылда, кентте немесе ауылдық округте жалға берілетін тұрғын үй салған жұмыс берушілердің 5 млн теңгеге дейінгі мөлшерде мемлекеттік субсидия алуға мүмкіндігі бар.