​КИНО үшін актерлер қандай ҚҰРБАНДЫҚҚА барады?

0
245

«Оскар» оңай келмейді


​КИНО үшін актерлер қандай ҚҰРБАНДЫҚҚА барады?

Сурет: ЖИ

Кино әлемі сырттай қызыққа толы, жеңіл, атақ пен абырой бақ арқылы келетіндей көрінуі мүмкін. Алайда фильмдегі шынайы эмоция мен нанымды кадрдың артында актерлердің ерен еңбегі жатыр. Біреулері айлар бойы салмақ тастауға тырысып, қатаң диетадан азап тартады. Келесі бірі рөл үшін денсаулығын құрбан етеді. Жаңа нәрсені үйрену немесе фобиясына қарсы тұру жағдайлары тіптен көп кездеседі. Назарларыңызға кинодағы рөлі үшін шектен тыс құрбандыққа барған танымал актерлердің оқиғаларын ұсынамыз.


  • Леонардо Ди Каприо өмірде вегетариандық ұстанымды ұстанады. Алайда 2016 жылы «Тірі қалған» («The Revenant», 2016) фильміндегі Хью Гласс рөлін шынайы алып шығу үшін бұл салтын бұзды. Түсірілім кезінде үскірік аязда суыққа тоңғаны аз болғандай, бизонның шикі бауырын жеуге шешім қабылдаған. Оның бұл шыдамдылығы мен еңбегі еленіп, өзінің көптен күткен «Оскар» сыйлығын иеленді.


Кристиан Бэйл «Машинист» («The Machinist», 2004) фильміндегі анорексияға ұшыраған жұмысшының рөлін сомдады. Сырт келбеті шынайы болуы үшін актер ұзақ уақыт бойы күнделікті рационын тек бір дана алма, бір банка тунец балығы және үш шыны аяқ кофемен шектеген.


  • «Қара аққу» («Black Swan», 2010) кинокартинасында басты рөлді Натали Портман сомдады. Актриса балалық шағында балетпен айналысқандықтан, бұл рөлді алып шығу қиын болмас деп ойлады көпшілік. Алайда бұл рөлге дайындалу үшін Натали қайтадан қатал жаттығуларға көшіп, қатты арықтаған. Физикалық және психикалық жағынан қатты қажығаны соншалық, кейде түнде ұйқысынан оянып, өліп бара жатқандай күй кешкенін еске алады.


Эштон Кутчер «Джобс: Арбау империясы» («Jobs», 2013) фильмінде Стив Джобстың рөліне ену үшін фрутариандық диета ұстаған. Актер ұзақ уақыт бойы кейіпкері сияқты тек жеміс-жидектермен тамақтанған. Алайда бұл эксперименттің соңы қиындықпен аяқталып, ол ұйқыбезі ауруымен ауруханадан бір-ақ шықты.


  • «Стивен Хоккингтің әлемі» («The Theory of Everything», 2014) фильміндегі басты актер Эдди Редмэйн мотонейронды ауруға шалдыққан кейіпкердің қимыл-қозғалысын үйренуге бл буады. Ол үшін 4 ай бойы айна алдында бет-аузын қисайтып жаттықты. Тіпті түсірілім арасындағы үзілістерде де бүкірейіп отыру әдетінен танбаған. Рөлге қатты еніп кеткені сонша, түсірілім аяқталғанға дейін бүкірлік оның әдеттегі қалпына айналып үлгерген. Актер омыртқаның қисаюы (сколиоз) диагнозын алып тынды.


Сыртқы келбетті өзгерту бір басқа, ал кейіпкердің психологиясын ақыл-ойыңнан өткізу бұдан да қауіпті. 1975 жылы Джек Николсонның қатысуымен «Көкек ұясының үстінен ұшқанда» («One Flew Over the Cuckoo's Nest») фильмі жарық көрді. Актер Рэндл Макмерфи рөлін шынайы ойнау үшін бірнеше апта психиатриялық ауруханада өмір сүрді. Ол пациенттердің күнделікті тыныс-тіршілігін бақылап, топтық терапияға қатысты және дәрігерлермен сұхбаттасты. Осы ізденістің арқасында Николсон өзінің алғашқы «Оскарын» иеленді.


  • Эдриан Броуди «Пианист» («The Pianist», 2002) фильмінде барынан айырылған кейіпкердің күйін сезіну үшін өзінің пәтері мен көлігін сатып, сүйікті қызымен қарым-қатынасын үзген. 12 келіге арықтағанын да айта кету керек.


Ауыр дайындықтардан бөлек, экрандағы бірнеше минуттық эпизод үшін жасалған қызықты әрі таңғаларлық әрекеттер де жеткілікті. Мәселен, «Ыза» («Fury», 2014) фильмінде танкист рөлін сомдаған Шайя Лабаф мүмкіндігінше шынайы көріну үшін денесіне татуировка салдырды. Ол аздай, бір тісін жұлып тастаған. Гриммен жасалған жарақат көрінісіне көңілі толмай, бетін ұстарамен тілген. Бұған қоса, 4 ай бойы суға түспей, жуынбай жүріпті.


  • «Сақиналар әміршісі» («The Lord of the Rings», 2001) фильмінде түсірілім тау басында өткені белгілі. Түсірілім тобын тікұшақпен тасымалдаған. Ал басты рөлдегі актер Шон Бин күнде таңертең өзінің ауыр соғыс костюмін киіп, тауға 2 сағат бойы жаяу көтеріліп, жаяу түсіп жүрген. Өйткені ол ұшақпен ұшудан қатты қорқатын.

Кинематография әлемінде заманауи технологиялар мен тәсілдер қанша дамыса да, экрандағы ең басты құндылық – актердің шынайы эмоциясы мен жан беріп ойнаған шеберлігі. Біз тамашалап жүрген шедеврлердің артында осындай темірдей ерік-жігер мен өнерге деген шексіз адалдық жатыр.

Дайындаған: Т. СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Байқадыңыз ба, кинодағы ЗҰЛЫМДАР iPhone ҚОЛДАНБАЙДЫ