9 миллиард теңге жұмсалған қазақстандық QazVac вакцинасын ДДСҰ мойындамады

0
102

Вакцинаны Жамбыл облысында Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірлеген.


9 миллиард теңге жұмсалған қазақстандық QazVac вакцинасын ДДСҰ мойындамады

ERNUR.KZ. Қазақстанда коронавирусқа қарсы әзірленген QazVac вакцинасына 9 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалғанымен, ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық тіркеуінен өте алмады, деп жазады stan.kz.

Вакцинаны Жамбыл облысында Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірлеген. Оны жасауға мемлекет 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлсе, Жамбыл облысында өндіріс орнын салуға тағы 7 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалған.

QazVac Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдын ала біліктілік бағалауынан өтпеген. Бірақ бұл вакцинаның тиімсіз немесе қауіпті деп танылғанын білдірмейді.

Зерттеулерде QazVac вакцинасының тиімділігі 82 пайыз деп көрсетілген. Алайда оны халықаралық деңгейде тіркеу мүмкін болмады. 2026 жылғы сәуірде Қазақстан дәрі-дәрмектерді реттеу жүйесінің жетілу деңгейі бойынша ДДСҰ-ның үшінші сатысына жетті. Бұл елдегі дәрілік заттарды бақылау жүйесінің негізгі талаптары халықаралық стандарттарға сай екенін көрсетеді. Алайда нақты бір вакцинаны халықаралық деңгейде мойындату үшін препараттың өзіне, оны өндіру барысына және құжаттарына қатысты қосымша талаптарды орындау қажет.

"QazVac вакцинасы қазір оны тіркеудің қажеттілігі болмағандықтан халықаралық тіркеуден өткен жоқ. 2023-2024 жылдары ДДСҰ оны тіркеу үшін қосымша талаптар қойды. Қазір бұл вакцинаны тіркеудің өзектілігі жойылды", – деді Ақмарал Әлназарова.

Денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін QazVac-қа қойылған талаптардың бірі вакцинаны толық өндірістік циклмен шығару болғанын түсіндірген. Яғни бастапқы биоматериалды дайындаудан бастап, дайын препаратты құтыға құю, қаптау және таңбалауға дейінгі барлық жұмыс бір жүйеде атқарылуы керек.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова енді оның орнына Қазақстан ДДСҰ-ның ең жоғары, төртінші деңгейіне жету үшін зертханалық кешен салмақ. Жоба құрылысы 2027 жылы басталады деп жоспарланған.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда 39 миллиард теңгеден астам қаржыға дәрі-дәрмек зауыты салынатыны туралы хабарлаған едік. Кәсіпорында халықаралық дәрі-дәрмектер өндірісін жергіліктендіру, алдағы уақытта дәрі жасауға қажетті белсенді фармацевтикалық субстанцияларды да Қазақстанда шығару көзделген.