Қырғызстанда Гиннестің рекордтар кітабына енуі мүмкін 732 метрлік әйнек көпір салынады

0
121

Құрылыс жұмыстарын 2026 жылғы қарашада бастап, 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.


Қырғызстанда Гиннестің рекордтар кітабына енуі мүмкін 732 метрлік әйнек көпір салынады

Сурет: pexels

ERNUR.KZ. Қырғызстандағы "Ала-Арча" ұлттық табиғи паркінде әлемдегі ең ұзын аспалы әйнек көпір салу жоспарланып отыр. Жобада көпірдің ұзындығы 732 метр болады деп көзделген, деп жазады zakon.kz.

Қырғызстан президенті іс басқармасының басшысы Қаныбек Тұманбаев пен еуропалық компания өкілдері кездесу барысында құрылыс жүргізілетін болжамды аумақты қарап, жобаның егжей-тегжейін талқылады.

Сондай-ақ алып құрылыстың жобалық эскизі де көрсетілді.

Құрылыс жұмыстарын 2026 жылғы қарашада бастап, 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

"Көпір ашылғаннан кейін әлемдегі ең ұзын аспалы әйнек көпір атануы мүмкін. Сондай-ақ нысанды Гиннестің рекордтар кітабына енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр", – деп хабарлады Қырғызстан президенті іс басқармасы.

Бұдан бөлек, саябақта Тепши үстіртінен Теке-Тоо тауы мен сарқырамаға дейін экологиялық жаяу жүргіншілер бағыты ұйымдастырылады.

Қазіргі уақытта саябақ аумағында бес жұлдызды қонақүйдің құрылысы аяқталуға жақын.

"Ала-Арча" – Қырғызстандағы көрікті биік таулы шатқал әрі мемлекеттік табиғи парк. Ол Қырғыз жотасының солтүстік беткейінде, Бішкектен оңтүстікке қарай шамамен 30–40 шақырым жерде орналасқан. 1976 жылы құрылған парк ел табиғатының символдарының бірі саналады. Сондай-ақ ол астана маңындағы туристер, альпинистер мен жаяу саяхаттауды ұнататындар жиі баратын орын.

Айта кетейік, 30 қазанда Қазақстанда бірегей көпір пайдалануға берілді. Оның тау бедерінен биіктігі 45 метрге жетеді. Құрылым жеті аралықтан және 79 темірбетон арқалық орнатылған сегіз тіректен тұрады.