Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Ата заңымыздың преамбуласында алғаш рет мәдениет, білім беру, ғылым және инновация құндылықтары нақты бағдар ретінде белгіленген.
Фото: parlam.kz
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, деп жазады tengrinews.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Ата заңымыздың преамбуласында алғаш рет мәдениет, білім беру, ғылым және инновация құндылықтары нақты бағдар ретінде белгіленген.
"Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда 15 наурызда тарихи мәні зор референдум өтті. Азаматтардың басым бөлігінің қолдауымен мемлекетіміздің іргесін нығайтатын, елді барлық салада, соның ішінде ғылымда орнықты даму траекториясына шығаратын жаңа Конституция қабылданды. Ата заңымыздың преамбуласында алғаш рет мәдениет, білім беру, ғылым және инновация құндылықтары нақты бағдар ретінде белгіленді. Яғни осы салаларды жан-жақты қолдауға стратегиялық маңыз берілді. Ең бастысы, бұл бағыттарды дамыту мемлекеттің конституциялық міндетіне айналды. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Конституцияны әзірлеуге және қабылдауға айтарлықтай үлес қосқан барша ғылыми-академиялық қауымдастыққа ризашылығымды білдіремін. Өтпелі ережелерге сай жаңа Ата заң 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Сол уақытқа дейін негізгі заңдардың барлығы Конституция нормаларына сәйкестендірілуге тиіс. Бұл бағытта Парламент ауқымды заң шығару жұмысына кірісті. Депутаттар заң жобаларын мұқият әрі жедел қарастырады деп сенемін", - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, құрылтай сайлауы тамызда өтеді.
"Мемлекет басшысы ретінде еліміз үшін елеулі оқиғалар туралы алдын ала ақпарат беру өте маңызды деп санаймын. Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі жарлыққа қол қоямын. Сайлау биыл тамызда өтеді. Мұны әдейі ерте айтып отырмын. Өйткені партиялардың жоспарларын айқындап, сайлау науқанына дайындық жүргізуіне жеткілікті уақыты болуы керек. Осылайша, партиялардың сайлаушылармен тиісті жұмыс жүргізуіне бес айға жуық уақыт беріледі. Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай "қайта құруға" жол ашады. Бұл ретте біз жүзеге асырып жатқан саяси және экономикалық реформалар қоғамдық сананың оң сипатта өзгеруіне әсер етуге тиіс. Мен мұның маңызы жөнінде бірнеше рет айттым", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


