Қазақстанда Шәмші Қалдаяқов атындағы медаль мен жаңа құрметті атақ енгізілмек

0
146

Негізгі мақсат – отандық мәдениет пен өнердің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде бағалау.


Қазақстанда Шәмші Қалдаяқов атындағы медаль мен жаңа құрметті атақ енгізілмек

Фото: Gov.kz

ERNUR.KZ. Қазақстанда “Шәмші Қалдаяқов” медалін және “Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі” құрметті атағын енгізу ұсынылды. Тиісті өзгерістерді Құрылтай отырысында депутат Ләззат Жылқыбаева таныстырды, деп жазады stan.kz.

Оның айтуынша, заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында әзірленген.

Негізгі мақсат – отандық мәдениет пен өнердің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде бағалау.

Ұсынысқа сәйкес, “Шәмші Қалдаяқов” медалі қазақ музыка өнерінің дамуына айрықша үлес қосқан азаматтарға беріледі. Ал "Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі" атағын бейнелеу өнері саласында жоғары кәсіби шеберлік танытып, ұлттық көркем мәдениеттің өркендеуіне үлес қосқан мамандарға беру жоспарланып отыр.

“Ұлттық мәдениет пен өнерге адал қызмет еткен азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде мойындау – олардың шығармашылығына құрмет қана емес, қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық құндылықтарын нығайтудың маңызды тетігі”, – деді Ләззат Жылқыбаева.

Депутаттар заң жобасын қолдады.

Айта кетейік, Шәмші Қалдаяқов – қазақтың көрнекті композиторы, Қазақстанның халық әртісі, қазақ эстрадасының негізін қалаушылардың бірі. Халық оны “қазақ вальсінің королі” деп атайды. Оның “Ана туралы жыр”, “Ақ сұңқарым”, “Қаракөз” секілді әндері елге кеңінен танымал.

Сондай-ақ Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған “Менің Қазақстаным” әнінің авторы. 2006 жылы бұл шығарма Қазақстанның мемлекеттік әнұранының негізіне айналды.