Оқиға 22 сәуірде Атырау облысы, Құлсары қаласында болған.
Фото: Видеодан скриншот/Атырау облыстық ПД
ERNUR.KZ. Есік ашылмаған соң балалар бірден полицияға қоңырау соғып, көмек сұраған, деп жазады inbusiness.kz.
Үй ауласына ойнауға шыққан балалар пәтерге кірерде қиындыққа тап болады. Үйде қалған аналары есікті ашпағандықтан, балалар сыртта біраз уақыт тұрып қалған. Сосын бірдеңеден күдіктеніп, полицияға қоңырау шалады.
– Оқиға орнына жедел жеткен патрульдік полиция қызметкерлеріне көршілер пәтерден газдың иісі шығып жатқанын айтқан. Қауіптің жоғары екенін түсінген тәртіп сақшылары дереу әрекет етіп, пәтер есігін бұзып ішке кірген. Пәтерден ес-түссіз жатқан әйел табылып, полицейлер жедел-жәрдемді күтпестен оны қызметтік автокөлікпен ауруханаға жеткізген, – деп хабарлады полиция.
Белгілі болғаны, үйдің ас бөлмесіндегі газ плитасының бұрамалары ашық қалған. Сол себепті, үй ішіне газ иісі жайылады. Балалардың анасы газға уланып, сыртқа шыға алмай, есінен танып қалған екен.


