Ішкі істер министрлігі Threads желісінде акция бастады

0
100

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдер туралы жаңалықтар жиі шығып тұрады.


Ішкі істер министрлігі Threads желісінде акция бастады

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Threads әлеуметтік желісінде "Біз жаныңдамыз. Бізден сұраңыз" атты республикалық акция бастады. Акция отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған, деп жазады tengrinews.kz.

Акция зорлық-зомбылыққа ұшырап, бірақ түрлі себептермен полицияға жүгінуге батылы бармай жүргендерге, зорлық-зомбылыққа куә болғандарға, сондай-ақ құқықтық кеңес пен қолдауға мұқтаж азаматтарға арналған.

"Акция аясында кез келген адам ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің Threads-тегі ресми парақшасына өтініш қалдырып, мамандардан кеңес пен жауап ала алады. Өмірге немесе денсаулыққа қауіп төнген жағдайда ақпарат тиісті шаралар қабылдау үшін жедел түрде аумақтық полиция бөліністеріне жіберіледі", - делінген таратылған хабарламада.

Сондай-ақ азаматтарға ыңғайлы болу үшін бүкіл Қазақстан бойынша өзекті сенім телефондары, дағдарыс орталықтары мен қолдау қызметтерінің байланыс деректері жинақталған ақпараттық ресурсқа арнайы сілтеме жасалды.

"Акцияны өткізуге мүдделі мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, дағдарыс орталықтары мен отбасын қолдау орталықтары да тартылуда, олар өз құзыреті шеңберінде түскен мәселелерді шешуге жәрдемдеседі", - деп толықтырды ведомство.

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдер туралы жаңалықтар жиі шығып тұрады. Көбісі барар жері, басар тауы болмағандықтан, кімнен көмек сұрарын білмей, жылдап шыдап келеді. Бірақ шығар жол бар. Қазақстанның әр қаласында әйелдер мен олардың балаларына уақытша баспана, мамандар көмегі мен қажетті қолдау көрсететін әлеуметтік қолдау орталықтары жұмыс істейді. Мұндай орталыққа қалай баруға болады, кімдер жүгіне алады, онда қанша уақыт тұруға рұқсат және әйелдер мен балалар қандай жағдайда өмір сүреді - материалдан оқыңыз.