Апелляциялық шағым қаралғаннан кейін сот үкімі өзгеріссіз қалып, заңды күшіне енді.
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform агенттігі
ERNUR.KZ. Қостанай облысында әйелі мен кәмелетке толмаған ұлын өлтірген ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлім етті, деп жазады inform.kz.
Апелляциялық шағым қаралғаннан кейін сот үкімі өзгеріссіз қалып, заңды күшіне енді.
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 29 қыркүйекке қараған түні Әулиекөл ауданында болған. Іс материалдарына сәйкес, ер адам үйінде отырып, жұбайына деген қызғаныш пен ажырасуға келіспеу салдарынан онымен арадағы қарым-қатынасты анықтауға шешім қабылдаған. Осы мақсатта ол ас үйден пышақ алып, әйелі жатқан бөлмеге барған.
Сол сәтте олардың кәмелетке толмаған ұлы оянып, әкесін тоқтатуға тырысқан. Алайда ер адам балаға бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Баласының айғайынан оянған әйел оны қорғауға ұмтылғанымен, сотталушы оған да шабуыл жасаған. Анасы мен баласы алған көптеген пышақ жарақаттынан оқиға орнында қаза тапқан.
Сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал сотталушы өз кінәсін толық мойындамаған. Оның айтуынша, адам өлтіру ойы болмаған және сол сәтте шок жағдайында болған. Сонымен қатар жәбірленуші тараптардың бірі соттан оған жеңілдік жасауды сұрап, сотталған адамның өзінің әкесі болып қала беретінін атап өткен.
Алайда сот жасалған қылмыстың аса жоғары қоғамдық қауіптілігін, оның қатыгез сипатын және екі адамның, оның ішінде кәмелетке толмаған баланың қаза тапқанын ескеріп, ер адамды кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен ол қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Апелляциялық саты бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды, осылайша сот шешімі заңды күшіне енді.
Еске сала кетейік, әйел мен баланың мәйіті табылғаннан кейін күдікті – 51 жастағы ер адам ізін суытпай ұсталған еді.


