Көктемде картоп бағасы 185 теңгеден аспайды – үкімет

0
108

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл картоп өнімі 2,7 миллион тонна болады деп болжанып отыр.


Көктемде картоп бағасы 185 теңгеден аспайды – үкімет

© Sputnik / Санат Имангалиев

ERNUR.KZ. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияға әсер ететін факторларды талқылап, оны тежеу шараларын әзірлеуге арналған кеңес өтті, деп жазады sputnik.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл картоп өнімі 2,7 миллион тонна болады деп болжанып отыр. 5 қыркүйекке дейін 840,2 мың тонна картоп жиналған.
"Егістіктегі бағалар 90–120 теңге/кг аралығында, ал бөлшек саудадағы орташа бағасы бір аптада 3,9%-ға төмендеп, 194 теңгені құрады. Жалпы жылдық қажеттілік 2 млн тонна. Жақсы өнім көлемі күтіліп отырғандықтан, 28 шілдеден бастап картоп экспортына қойылған шектеу алынып тасталды", - деп жазылған хабарламада.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, тамызда туындаған фитосанитариялық сертификаттарды рәсімдеудегі техникалық іркілістер жойылып, ведомство ел ішіндегі тапшылық тәуекелдерін болдырмау үшін экспортты қатаң бақылауда ұстайды.
Ал Сауда және интеграция министрлігі бағаны тұрақтандыру үшін Картоп және көкөніс өсірушілер одағымен меморандум жасасты. Оған сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірушілері әкімдіктердің сұранысы бойынша ішкі нарықты көкөніспен қамтамасыз етеді.
Қараша айында өнімнің сату бағасы – 145 теңгеден, ал 2026 жылдың көктемінде сақтау шығындарын ескере отырып 185 теңгеден аспайды. Сол сияқты келісімдер "Арал тұз" АҚ-мен (тұз бағасын 100 теңгеден 82 теңгеге дейін 18% төмендету) және жұмыртқа өндірушілер қауымдастығымен (жұмыртқаның шекті бағасы – 55 теңге/дана) жасалды.