«Келешек мектептері» жобасы аясында салынған мектептерді басқару екі деңгейде іске асады

0
81

Мемлекет басшысы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында тек білім беру инфрақұрылымымен шектелмей, оларды тиімді басқару жүйесі және сапалы мазмұнмен қамтамасыз ету қажеттілігін атап өткен.


«Келешек мектептері» жобасы аясында салынған мектептерді басқару екі деңгейде іске асады

ERNUR.KZ. Қазір 183 мектепте оқу процесі ұйымдастырылған. Мұнда 218 мыңға жуық оқушы білім алуда, ал 17 мыңға жуық педагог еңбек етіп жүр. ҚР оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.

Жаңа мектептердің 40% ауылды аймақтарда орналасқан. Мектеп сапасының негізгі факторы – оны басқару. Осыған байланысты нақты шаралар қабылданды. Бүгінде директорлар мен 800-ден астам директор орынбасарынан тұратын басқару корпусы қалыптастырылды. Бұл құрамда тәжірибелі басшылармен қатар, жаңа буын көшбасшылар да бар.

Оның айтуынша, педагогтердің кәсіби дамуы – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Сондықтан, басты назар –мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуына ерекше мән беріледі.

«Өткен жылы 7 мыңнан астам педагог LMS платформасы арқылы «Оқу үдерісі және жасанды интеллект», «Генеративті модельдер мен промт-инжиниринг» тақырыптарында білімін арттырды. Бұл өз кезеңінде педагогтерге өз жұмысында жасанды интеллектіні тиімді пайдалануға, практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған мектептерді басқару 2 деңгейде іске асады. Әкімшілік басқару ЖАО арқылы, инфрақұрылым, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және қаржыландыру мәселелері өңірлік деңгейде шешіледі. Мазмұндық және әдістемелік жұмыс орталықтандырылған түрде ұйымдастырылды», – деді вице-министр.

Жобаның операторы ретінде Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы белгіленді. Академия құрамында Ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық оқу-тәрбие процесін әдіснамалық және мазмұндық сүйемелдеуді, цифрландыруды үйлестіруді, кадрлық іріктеуді, педагогтердің кәсіби дамуын, білім сапасын мониторингтеу мен талдауды жүзеге асырады.

Аталған жоба – инфрақұрылымды жаңарту емес, білім беру сапасын арттыруға және өңірлік теңсіздікті қысқартуға бағытталған жүйелі реформа.

Жобаның негізгі мақсаты – еліміздің барлық өңірінде әр балаға қолжетімді, жаңа форматтағы сапалы білім беру ортасын қалыптастыру. Яғни, баланың қай жерде тұратынына қарамастан, заманауи жағдайда білім алып, өз әлеуетін толық жүзеге асыра алуына мүмкіндік жасау.

Бүгінгі таңда Келешек мектептері заманауи білім беру технологияларын енгізудің тәжірибелік алаңына айналды. Бірқатар мектептерде жасанды интеллект элементтері оқу процесіне енгізіліп жатыр. Бұл мұғалімдердің жүктемесін оңтайландыруға, оқу процесін жекелендіруге, бағалау жүйесін жетілдіруге және оқушылардың оқу жетістіктерін жүйелі бақылауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде оқушылардың сыни ойлауы, цифрлық мәдениеті және заманауи құзыреттері дамып келеді.