Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы азайды – себебі белгілі болды

0
90

Жыл басынан бері теңге бағамы долларға шаққанда 5 процентке күшейді.


Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы азайды – себебі белгілі болды

фото:Sputnik / Абзал Калиев

ERNUR.KZ. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова қазақстандықтардың зейнетақы жинағы не себепті азайғанын айтты, деп жазады sputnik.kz.
Молдабекованың айтуынша, оған алдымен доллардың әлсірегені әсер еткен. Себебі зейнетақы жинағының бір бөлігі шетелдік валютамен сақталады.
"Бұл жерде шығын емес, инвестициялық кіріс қана азайып отыр. Өйткені теңге күшейіп жатыр. Ал зейнетақы жинағының бір бөлігі - 40 процентке жуығы валютаға салынған. Жыл басынан бері теңге бағамы долларға шаққанда 5 процентке күшейді. Соған байланысты зейнетақы жинағының инвестициялық кірісі төмендеді", - деді Молдабекова сенатта өткен брифингте.
Банк басшысының орынбасары инвестициялық кірістің нақты қандай сомаға азайғанын да айтты. Мәселен, наурыз айында қордың табысы 240 млрд теңгеге төмендеген. Содан қазақстандықтардың есепшотында зейнетақы жинағының азайғаны байқалған.

"Дегенмен жыл басынан бері инвестициялық кірістің көлемі 272 млрд теңгені құрады. Ал соңғы бір жылдың ішінде 2,5 трл теңгеге жеткен. Сондықтан зейнетақы активтерінің кіріс жағы минусқа кетті деп айтуға болмайды", - деп түйіндеді Молдабекова.