​Қазақстандық оқушылар ЖИ олимпиадасында рекордтық нәтиже көрсетті

0
271

Олимпиада 2-9 тамыз аралығында Қытай астанасында өтіп, 61 елден 77 команда қатысқан.


​Қазақстандық оқушылар ЖИ олимпиадасында рекордтық нәтиже көрсетті

Фото: Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

ERNUR.KZ. Қазақстандық оқушылар Пекинде өткен IOAI 2025 Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында жоғары нәтиже көрсетіп, 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Бұл — ел құрамасының осы додадағы рекордтық жетістігі, деп жазады kaz.inform.kz.


Олимпиада 2-9 тамыз аралығында Қытай астанасында өтіп, 61 елден 77 команда қатысқан. Қазақстан намысын екі команда қорғап, бейресми командалық есепте алтын медаль саны бойынша Польша, Үндістан және Вьетнаммен бірге екінші орынды бөлісті. Бірінші орынды Ресей командасы (6 алтын) иеленді.

Алтын медаль иегерлері – Қасымқан Жәнібек, Әбу Қанабек және Сұлтанби Исатай. Күміс медальді Аушахман Тәлім алса, қола жүлдені Тимур Шакуов, Дәужан Бекетов және Сұлтанбек Сары еншіледі.

Олимпиада барысында команданы қолдағаны үшін Батыр Ерденов ұйымдастыру комитетінің арнайы алғыс хатымен марапатталды.

“ IOAI – оқушылар арасындағы беделді ғылыми-техникалық жарыс. Қатысушылар жасанды интеллект саласына қатысты практикалық және теориялық тапсырмаларды орындайды. Байқау аясында әлемдік сарапшылардың дәрістері мен пікірталастар, мәдени және білім беру іс-шаралары да ұйымдастырылды “, - деп түсіндірді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен.
Қазақстан құрамасының бас серіктесі – Astana Hub халықаралық IT кластері. Кластер команда дайындығына елеулі үлес қосып, жас таланттарды қолдауға бағытталған жұмыстар атқарды.

Ұлттық құраманың бұл жетістігі – еліміздегі IT-білім берудің сапасын және оқушылардың озық технологияларға қызығушылығын айғақтайтын маңызды көрсеткіш.