Қазақстандық модельді самокат қағып, ол Kazakhstan Fashion Week көрсетіліміне шыға алмай қалған

0
123

Бір апта бұрын Алматы көшелердің бірінде қызды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен самокатшы әлі күнге дейін табылмаған.


Қазақстандық модельді самокат қағып, ол Kazakhstan Fashion Week көрсетіліміне шыға алмай қалған

ERNUR.KZ. Жәбірленуші Мөлдір Серікқызының айтуынша, оқиға салдарынан ауыр жарақат алып, содан бері толық оңала алмаған. Осыған байланысты қазақстандық бойжеткен құзырлы органдардан бұл іске назар аударуды сұрады, деп жазады stan.kz.

Алматылық қыз әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, оқиға бойынша петиция дайындап жатқанын мәлімдеді.

“Бір аптадан астам уақыт бұрын мені электрсамокат мінгендер арт жағымнан келіп қағып кетті. Алайда кінәлі адам әлі күнге дейін табылған жоқ. Бұл – әрбір адамның қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бүгін – мен, ертең – кез келген адам осындай жағдайға тап болуы мүмкін. Қазір осыған байланысты петиция дайындап жатырмын”, – деп жазды ол.

Сондай-ақ жәбірленуші Time.kz редакциясына сұхбат беріп, алған жарақаттарының кесірінен беделді көрсетілімге шығу мүмкіндігінен айырылып, тағылымдамадан өте алмай қалғанын айтты. Оған тіпті өзіне тамақ әзірлеудің өзі қиынға соғып отыр.

Ақпаратқа сәйкес, Мөлдір Серікқызы Төле би мен Мұратбаев көшелерінің қиылысында тротуардың оң жағымен келе жатқан. Сол сәтте көшедегі дағдылы шудың арасынан жақындап келе жатқан самокаттың дыбысын естіп, жол беруге тырысқан.

“Олар мені арт жағымнан келіп қағып кетті. Соққының қатты болғаны сонша, өзім бір жаққа, кроссовкам бір жаққа, телефоным бұтаның арасына ұшып түсті. Қақтығысқа себеп болғандар тоқтамастан қашып кетті. Қатты ауырды, тротуарда жатқанымда көліктегілердің маған қарап тұрғанын көріп, өзімді қорланғандай сезіндім”, – дейді ол.

Жәбірленушіге өтіп бара жатқан адамдар көмектескен. Ал куәгерлер самокатта екі адам болғанын, оның біреуі кәмелетке толмағанға ұқсайтынын айтқан көрінеді. Содан кейін жедел жәрдем мен полиция шақырылған.

Травматология бөлімінде оның көптеген жері көгеріп қалғаны, соның ішінде омыртқасы да зақымданғаны тіркеліп, екі апта бойы төсектен тұрмай тынығу ұсынылған.

“Алдағы аптаға үлкен жоспарларым бар еді: мен Kazakhstan Fashion Week аясында подиумға шығуым керек еді және тағы бір беделді көрсетілімге қатысу жоспарланған еді. Жарнамалық жұмыс та күтіп тұрған. Бірақ қолым мен аяғым сыдырылып, ауырсынудан асүйге әрең жетіп жүрмін. Бұл мен үшін жай ғана көшедегі оқыс жағдай емес, өміріме әсер еткен оқиға болды”, – дейді ол.

Мөлдір 16 жасынан бері модельдік бизнеспен айналысады, ел ішінде де, шетелде де көрсетілімдерге қатысып келеді. Ол үшін сырт келбет пен физикалық саулық – табыс көзі. Бұдан бөлек, ипотекаға дайындалу үшін тұрақты жұмысқа орналасуды да жоспарлап жүрген. Алайда бұл жоспарларын да кейінге шегеруге тура келіпті.

Арада бір апта өтсе де, самокат мінгендер табылмай отыр. Мөлдірдің айтуынша, бұл оқиғаны республикалық БАҚ-тың біріне айтып бергеннен кейін ғана қозғалыс байқала бастаған.

“Сол бойда қоңырау түсіп, оқиғаның қайда және қалай болғанын сұрай бастады. Мен барлық мәлімет хаттамаға енгізілген шығар деп ойлағанмын. Тіпті менен жазбамды өшіруді сұрады, бірақ мен бұған келіскен жоқпын. Егер тәртіп бұзғандар табылып, жазаланса, мен полицейлерге әлеуметтік желі арқылы ашық түрде алғысымды да дәл солай білдіремін”, – деді ол.

Мөлдір мұндай жағдайлардың көптігіне таңғалғанын айтады, өйткені оның жазбасының астындағы пікірлерде жұрт самокат мінгендердің кесірінен жапа шеккенін жарыса жазып жатыр.

“Қазіргі күйіндегі самокаттарға қарсы петиция бастағым келеді. Өйткені аяқпен итеріп жүретін болса – ол самокат. Ал электрқозғалтқышпен жүйткісе, онда бұл – көлік. Оған тротуарда орын жоқ”, – деді ол.

Мән-жайы

Бірнеше күн бұрын Алматыдағы Төле би көшесінде самокатшы қызды қағып, оқиға орнынан қашып кеткенін жазған едік. Оқиға 14 сәуірде болған. Жәбірленуші өзін жоғары жылдамдықпен келе жатқан электрсамокат қағып кеткенін, соққының қатты болғаны сонша, бірнеше метрге ұшып түскенін айтты.

Ол сол кезде-ақ оқиға бойынша арыз жазылғанымен, іс алға жылжымай отыр деп шағымданған болатын.

Мөлдір Серікқызы қаладағы электрсамокат мәселесі әлі де шешілмегенін атап өтті.

“Ең қорқыныштысы – соққы емес, мені сол жерде тастап кеткені. Тіпті жануарды қағып кетсе де, тоқтап көмектесуге тырысады. Ал мұнда – адам. Бірақ адамгершілік нөл”, – деп жазды ол.

Сондай-ақ ол қаладағы негізгі көшелерде самокаттарға арналған инфрақұрылымның жоқ екеніне назар аударды.

“Ең көп жүретін көшелердің бірі – Төле биде самокатпен жүретіндерге жағдай жасалмаған. Олар тротуармен жүреді, ал онда балалар, қарттар, жүкті әйелдер бар. Мұндай соққы біреуді өлімге әкеп соғуы да мүмкін”, – дейді ол.

Айта кетейік, 20 сәуірде өткен ведомствоаралық комиссия отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке азаматтардың шағын мобильді көліктерді – самокат, мопед, электрлі велосипед пен скутерді пайдалану тәртібін ретке келтіруді тапсырды.

“Самокаттарға қатысты мәселені шешіп жатырмыз. Ал электрлі велосипедтер мен мопедтердің жағдайы қалай?” – деді Олжас Бектенов.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов электрлі велосипедтер мопедтерге теңестірілетінін хабарлады.

“Қазір оларға мопедтерге қойылатын талаптар қолданылады. Бұл жүруге рұқсат етілген орындар мен жүргізуші куәлігінің міндетті болуына қатысты. Мәселе заңнамалық тұрғыда толық реттелген”, – деді министр.