Қазақстанда жыл сайын 30 мың адам кенеттен жүрегі тоқтап қайтыс болады

0
75

​Астанада жүрек-өкпе реанимациясының жаңа тәсілдеріне арналған халықаралық конференция өтті.


Қазақстанда жыл сайын 30 мың адам кенеттен жүрегі тоқтап қайтыс болады

ERNUR.KZ. Астана қаласында Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында «Емдеуге жатқызуға дейінгі және госпиталдық кезеңдегі жүрек-өкпе реанимациясының заманауи тәсілдері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп жазады baq.kz.

Іс-шараны Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен орталықтың бастамасымен және Жедел медициналық жәрдем қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырған.

Маңызды жиынға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов қатысып, саланың дамуына бағытталған мұндай кәсіби алаңдардың маңызын атап өтті. Конференцияның ашылу рәсімінде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының Басқарма төрағасы Ержан Әділбеков сөз сөйлеп, шұғыл медициналық көмек жүйесін жетілдіруде халықаралық тәжірибе алмасудың айрықша рөл атқаратынын жеткізді.

Кейде жедел жәрдем жеткенше, маңайындағы ешкім көмек көрсетпеуі мүмкін. Ондай жағдайда адамның қайтыс болып кетуі ғажап емес. Мәселен, статистикаға сүйенсек, жылына 30 мың адам кенеттен жүрек тоқтағаннан көз жұмады. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Негізі бұл көмекті – жүрек-өкпе реанимациясын базалық реанимациялаудан бастау керек. Қазақстанның әрбір тұрғыны қарапайым алғашқы көмек көрсетуді білгендері жөн. Оны үйрететін орталықтар жеткілікті, – Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының Оқыту-тренингтік оқыту орталығының басшысы Ғұмырбек Ағыбаев.

Халықаралық деңгейдегі басқосуға Сингапур, Малайзия, Германия, Франция, Өзбекстан, Әзербайжан және Беларусь елдерінен келген жетекші дәрігерлер мен сарапшылар арнайы ат басын бұрған. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жедел медицина саласындағы озық әдістерді талқылауда.

Конференция бағдарламасы бірнеше өзекті бағытты қамтиды. Атап айтқанда, жүрек-өкпе реанимациясын жүргізудің заманауи халықаралық алгоритмдері, науқас ауруханаға жеткізілгенге дейін көрсетілетін шұғыл көмектің тиімді тәсілдері, стационар жағдайында реанимациялық көмекті жетілдіру жолдары қарастырылуда. Сонымен қатар күрделі клиникалық жағдайларды саралау, инновациялық медициналық жабдықтар мен технологияларды қолдану, цифрлық шешімдер мен телемедицина мүмкіндіктерін енгізу мәселелері де күн тәртібінде тұр.

Мамандардың пікірінше, мұндай ғылыми-тәжірибелік кездесулер шұғыл медициналық көмектің сапасын арттыруға, дәрігерлердің кәсіби біліктілігін жетілдіруге және халықаралық стандарттарды ұлттық тәжірибеге енгізуге жол ашады.