Дамыған елдерде сақтандыру секторының активтері орта есеппен ЖІӨ-нің 7-8% құрайды, бұл оның экономикаға интеграциялануының жоғары дәрежесін көрсетеді.
ERNUR.KZ. Қазақстанда бұл көрсеткіш әлі де төмен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ол ЖІӨ-нің 2,4%. құрады. Оған қарамастан, соңғы жылдары сақтандыру нарығының негізгі көрсеткіштерінің оң серпіні байқалады. 2024 жылы сақтандыру ұйымдарының жиынтық активтері өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға ұлғайып, 3,2 трлн теңгеге жетті. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 2,5 есе өсті. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева мәлімдеді.
«Былтыр сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 1,5 трлн теңгені құрады, бұл оған дейінгі жылмен салыстырғанда 51% - ға артық. Бес жылдық кезеңде сыйлықақылар үш есеге өсті. 2024 жылы сақтандыру төлемдері 22% - ға өсіп, 334 млрд теңгеге жетті. Бес жыл ішінде төлем көлемі 2,3 есе өсті», – деді спикер.
Оның айтуынша, 2024 жылы Қазақстанда ерікті сақтандыруға сұраныстың артуы халықтың қаржылық сауаттылығының артқанын және сақтандыру өнімдеріне деген сенімнің артқанын көрсетеді. Өсудің драйверлері зейнетақы аннуитеттері, КАСКО-ны қоса алғанда, ерікті мүліктік сақтандыру және өмірді ерікті сақтандыру болып табылады. 2024 жылдан бастап Қазақстанда «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізілді. Ол ағымдағы жылы 5 жасқа толатын баланың пайдасына мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде жасалған әрбір сақтандыру шартына немесе банктік салым шартына мемлекет барлық адамдар үшін 60 АЕК және жетім балалар үшін 120 АЕК мөлшерінде бастапқы капитал есептелуін көздейді. Бүгінгі таңда 1 млрд теңге сомасына 4,7 мыңнан астам сақтандыру шарты жасалды. Салыстырмалы түрде банктер 2013 жылдан бастап МБЖЖ шеңберінде жалпы сомасы 30 млрд теңгеге 89 мың депозиттік шарт жасалды.
Азаматтарды сақтандыру өнімдерін пайдалана отырып, қаражат жинауға ынталандыру үшін биыл өмірді жинақтаушы сақтандырудың барлық түріне Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілдіктерін кеңейту жоспарда бар. Тиісті заңнамалық түзетулер ҚР Парламентінде қаралады. Қазір Қордың кепілдігі 10 санатқа: 8 міндетті санатқа, зейнетақы аннуитеттеріне және МБЖЖ шарттарына қолданылады.