Тәжікстанда 14 мыңнан астам мұздық бар.
Фото: Kazinform
ERNUR.KZ. Тәжікстанның Тәжікабад ауданындағы мұздықтан алып мұз кесегі бөлініп қалды, деп жазады kaz.inform.kz.
“ 2025 жылдың 25 қазанында Тәжікабад ауданындағы Дехдал мұздығының үлкен бөлігі бөлініп қалды. Мұз массасының айтарлықтай бөлігі (ұзындығы 1500 метрге дейін және биіктігі 50 метрге дейін) төмен қарай жылжыды. Бұл құбылысқа атмосфералық температураның көтерілуі мен ұзақ уақыт жауын-шашынның болмауы әсер етті. Бұл мұздықтың қарқынды еруіне және су балансының өзгеруіне ықпал етті “,- дейді Тәжікстан гидрометеорология агенттігі.
Тәжікстан билігінің мәліметінше, мұздың еруінен адам шығыны болған жоқ және ол ештеңеге залалын тигізген жоқ. Алайда, сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта қатты жауын-шашын болған жағдайда кейбір елді мекендерді су басу қаупі жоғары.
Тәжікстанда 14 мыңнан астам мұздық бар. Орталық Азиядағы ірі және кіші мұздықтар негізгі су көзі саналады, бірақ соңғы 30 жылдағы жаһандық жылынуға байланысты 1000-нан астам мұздық толығымен жоғалып кетті.


