​Ауыл шаруашылығы субсидиясы бойынша берешек 300 млрд теңгеден асты

0
105


​Ауыл шаруашылығы субсидиясы бойынша берешек 300 млрд теңгеден асты

Фото: Ақорда

ERNUR.KZ. Қазақстан аграрийлеріне төленбеген субсидия көлемі 341,3 млрд теңгеге жетті, деп жазады Azattyq Rýhy.

Министрлік дерегінше, берешектің 152,2 млрд теңгесі — несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға тиесілі.

Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында ең көп қарыз жиналған — бұл үш өңірдің үлесіне 173,7 млрд теңге немесе жалпы соманың 51% тиесілі.

«Жыл басынан бері 148,5 млрд теңге өтелді, берешек көлемі біртіндеп азайып келеді», — деп хабарлады министрлік.

2023 жылдан бастап агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау шығындары жергілікті бюджеттер құзырына өтті.

2025 жылға арналған бюджетте 433,6 млрд теңге қарастырылған, оның бір бөлігі өткен жылдардағы қарыздарды жабуға бағытталады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктерге қолданыстағы бағдарламалар аясында қаражатты қайта бөлу арқылы қосымша ресурстар табуды ұсынды.

Мемлекет қарызды өтеу үшін республикалық резервтен де қолдау көрсетіп отыр.

2024 жылы қант қызылшасын субсидиялауға 10 млрд теңге, ал 2025 жылы жалпы 57,8 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 48,4 млрд теңге – тыңайтқыштарға, 9,4 млрд теңге – свекловодтарды қолдауға бағытталды.

Министрлік мәліметінше, фермерлерге төлемдер жоспарлы түрде жүргізілуде.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлермен бірлесіп, берешекті азайту және субсидиялау тетіктерінің ашықтығын арттыру бағытында жұмыс істеп жатыр», – делінген хабарламада.