​Қазақстан жаһандық статистикалық комиссия құрамына енді

0
82

БҰҰ Статистикалық комиссиясы — жаһандық статистикалық жүйенің негізгі үкіметаралық органы.


​Қазақстан жаһандық статистикалық комиссия құрамына енді

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

ERNUR.KZ. Қазақстан 2027-2030 жылдарға БҰҰ Статистикалық комиссиясының құрамына сайланды, деп жазады inform.kz.

Бұл шешім БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңес аясында қабылданды, оның жұмысына 54 мемлекет қатысты.

Қазақстан комиссия құрамына Сингапур және Моңғолиямен бірге Азия-Тынық мұхиты өңірлік тобы ұсынған бірыңғай келісілген тізім арқылы сайланып отыр.
— Бұл тағайындау өңір елдерінің қолдауының арқасында жүзеге асты. Қазақстанның БҰҰ Статистикалық комиссиясы құрамына енуі — халықаралық қауымдастықтың жоғары сенімін көрсетіп, елдің жаһандық статистикалық жүйені дамытудағы белсенді рөлін айқындайды. Комиссия жұмысына қатысу — Қазақстанға халықаралық статистикалық стандарттарды қалыптастыруға, сондай-ақ тұрақты даму мен деректерді цифрландыру бағытындағы бастамаларды ілгерілетуге мүмкіндік береді, — делінген бюро таратқан ақпаратта.
БҰҰ Статистикалық комиссиясы — жаһандық статистикалық жүйенің негізгі үкіметаралық органы. Ол халықаралық статистикалық стандарттар мен әдіснамалар әзірлеу жұмыстарын үйлестірумен айналысады. Қазіргі таңда комиссия құрамына төрт жыл мерзімге сайланатын 34 мемлекет кіріп отыр.