«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын көрнекі сүйемелдеу мақсатында заманауи брендбук әзірленді.
ERNUR.KZ. Құжатта бағдарламаның негізгі құндылықтары мен идеясын айқындайтын көрнекі шығармашылық стильдер, түстер палитрасы, макеттер және мектеп кеңістігін заманауи форматта безендіруге арналған элементтер ұсынылған, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Бағдарлама мазмұнына сәйкес білім беру ұйымдары үшін бірыңғай дизайн-код қалыптастырылып, мектептердің ішкі кеңістігін брендбук талаптарына сай кезең-кезеңімен безендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дизайн-код мазмұнында бағдарламаның 6 негізгі құндылығын айшықтайтын безендіру үлгілері бар. Заманауи брендбук аясында пән кабинеттері оқушылардың жас ерекшеліктеріне және пән бағытына сәйкес безендірілуі қажет.
Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес бастапқы кезеңде брендбук 530 білім беру ұйымында енгізіледі. Қазіргі уақытта 267 мектепте көрнекі элементтерді орналастыру жұмыстары аяқталды. Алдағы уақытта дизайн-код реновация бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізілетін мектептерде енгізіліп, кейін кезең-кезеңімен еліміздің барлық білім беру ұйымдарына таратылады.
Брендбук – динамикалық құжат және білім беру ұйымдарының ерекшеліктеріне сәйкес үнемі толықтырылып, жетілдіріліп отырады.


