​Қазақстан креативті индустрия саласында жаңа белеске шықты

0
70

Креативті индустрия – заманауи экономиканың серпінді секторы. Ол тек экономикалық өсімнің драйвері ғана емес, ұлттық мәдениеттің халықаралық деңгейде танылуына жол ашады.


​Қазақстан креативті индустрия саласында жаңа белеске шықты

Қазақстанда креативті индустрия мемлекеттік деңгейде қолдау тауып, даму бағытын нақты айқындап келеді.

Жуырда Мәдениет және ақпарат министрлігі жартыжылдық қорытындысын жариялап, осы саланың өсімі мен стратегиялық жетістіктеріне тоқталды. Министрліктің деректеріне сүйенсек, қабылданған заңнамалар мен салықтық жеңілдіктер креативті кәсіпкерлерге мол мүмкіндік беріп, халықаралық рейтингтердегі еліміздің орнын айтарлықтай жақсартқан.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізілген жүйелі саясатының нәтижесінде Қазақстан Әлемдік зияткерлік меншік ұйымының (WIPO) жаһандық инновациялық индексінде «креативті өнімдер мен қызметтер» бағыты бойынша 93-орыннан бірден 65-орынға көтерілді. Ал киноиндустрия саласында 60-орыннан 31-орынға бір-ақ секіріп, отандық шығармашылық жобалардың деңгейі мен сапасы халықаралық деңгейде мойындала бастағанын дәлелдеді.
Бүгінгі таңда еліміздің бірнеше қаласында 16 заманауи креативті хаб жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтарда жас креаторларға арналған акселерациялық бағдарламалар, халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндіктері мен оқу курстары іске қосылған. Барлығы да шығармашылық индустрияны жан-жақты қолдауға, креативті азаматтардың әлеуетін жан-жақты ашуға бағытталған.
2025 жылдың екінші жартысында Қазақстанда Креативті индустрияны қолдау қоры өз жұмысын бастайды. Қор төрт негізгі бағыт бойынша қызмет етеді: таланттарды анықтау және дамыту, инвесторлар тарту, инфрақұрылымды кеңейту, сондай-ақ қазақстандық өнімдерді жаһандық нарыққа шығару.
2024 жылдан бастап 40-қа жуық экономикалық қызмет түріне бөлшек сату салығының арнайы жеңілдетілген режимі енгізілді. 2–4 пайыз мөлшеріндегі салық ставкасы кәсіпкерлердің тіркелуін арттырып, саладағы бизнес субъектілерінің саны 17 пайызға ұлғайып, 46 667-ге жетті.
Мемлекет алдағы төрт жыл ішінде креативті индустрияның ЖІӨ-дегі үлесін 2 пайызға дейін арттыруды, саланың экспорттық көлемін 115 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтуды және осы бағытта жұмыс істейтін мамандар санын 180 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.
Креативті индустрия – заманауи экономиканың серпінді секторы. Ол тек экономикалық өсімнің драйвері ғана емес, ұлттық мәдениеттің халықаралық деңгейде танылуына жол ашады. Қазақстанның бұл саладағы нақты қадамдары елді Орталық Азиядағы креативті хабқа айналдыруға бір табан жақындатты.
Бөлісу