Қазақстан әлемдегі бақытты елдер қатарында 33-орынға тұрақтады

0
129

Еліміз рейтингте 10 саты жоғарылады.


Қазақстан әлемдегі бақытты елдер қатарында 33-орынға тұрақтады

Фото: inbusiness.kz

ERNUR.KZ. Финляндия тоғыз жыл қатарынан World Happiness Report рейтингінде көш бастап, әлемдегі ең бақытты ел атағын сақтады. Қазақстан бұл рейтинге 33-орынға ие болды, деп жазады inbusiness.kz.

БҰҰ қолдауымен әзірленген тиісті есеп түрлі ел тұрғындары арасында жүргізілген сауалнамаларға сүйеніп, халықтың өмір сапасы мен әл-ауқатын субъективті тұрғыдан бағалау жүргізеді. Рейтингтің алғашқы ондығына Исландия (2-орын), Дания (3-орын) және Коста-Рика (4-орын) енді. Швеция бесінші орынға жайғасса, Норвегия алтыншы орыннан көрінді.

Соңғы жылдары Коста-Рика өз көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартып, жоғары сатыға көтерілген. Ал АҚШ 23-орында тұрақтаса, рейтингтің ең соңында Ауғанстан орналасты.

Зерттеу жыл сайын әр елден мыңға жуық адамды қамтиды. Ол халықтың өмір сапасының деңгейі мен жалпы әл-ауқатын бағалауға негізделеді.

Қоғамдық саясат институтының жазуынша, Қазақстан жаһандық бақыт рейтингінде 147 елдің араныда 33-орынға ие болды. Осылайша былтырғыға қарағанда өз позициясын 10 сатыға жақсартты. Қазақстан ТМД елдері арасында үздік 50 елдің қатарынан табылған жалғыз мемлекет атанды.

World Happiness Report әдістемесіне сәйкес, елдердегі бақыт деңгейі 6 негізгі факторға сәйкес бағаланады: жан басына шаққандағы ЖІӨ, әлеуметтік қолдау, салауатты өмір сүрудің күтілетін ұзақтығы, таңдау еркіндігі, өзге адамдарға көмектесуге дайындығы және жемқорлықты қабылдау деңгейі.

Бұл көрсеткіштер бойынша Қазақстан келесі орыннан көрінді: әлеуметтік қолдау бойынша 4-орын, жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша 42-орын, салауатты өмір сүру ұзақтығы бойынша 77-орын, таңдау еркіндігі бойынша 62-орын, өзгелерге көмектесуге дайындық бойынша 29-орын, жемқорлықты қабылдау деңгейі бойынша 74-орын.

Зерттеу нәтижелері әлеуметтік желі күніне 1 сағаттан аз қолданатын жастар өздерін басқаларға қарағанда әлдеқайда бақытты сезінетінін көрсетті. Ал әлеуметтік желіні күніне 7 сағаттан артық пайдаланғанда әл-ауқат деңгейі төмендейді.

Бұдан бөлек әлеуметтік желілердің теріс әсері Батыс Еуропа елдері мен ағылшынтілді мемлекеттерде айқын байқалатыны белгілі болды.