Қазақ ғалымы ойлап тапқан ракқа қарсы дәрінің бағасы қанша болады – министр жауап берді

0
105

​Отандық дәріні елімізде жыл соңына дейін тіркеу жоспарланып отыр.


Қазақ ғалымы ойлап тапқан ракқа қарсы дәрінің бағасы қанша болады – министр жауап берді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

ERNUR.KZ. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазақ ғалымы Дос Сарбасов ойлап тапқан ракқа қарсы дәрінің өзіндік құны қанша екенін айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Министрдің айтуынша, отандық препараттың компонеттері өте арзан, глюкоза мен қышқылдан тұрады.

«Дәрінің өзіндік құны 15-16 мың теңгені құрайды. Біз қазір қышқылды шетелден сатып аламыз, глюкозаны өзіміз шығарамыз. Мысалы, қышқылды өзіміз шығарған жағдайда онда 10-12 мың теңгеге дейін төмендетуге болады. Сапасы жағынан дәрі әсіресе асқазан, ішкі органдардың қатерлі ісігіне қарсы өте жақсы әсер етеді», - деді Саясат Нұрбек Үкіметте өткен брифингте.

Қазір клиникалық тексерістердің екінші кезеңі басталған, база Алматыдан Астанаға ауыстырылған.

«Осы жобаның жетекшісі Дос Сарбасовпен бөлек брифинг ұйымдастырып, техникалық сұрақтарға өзі жауап бергені дұрыс болар. Бірақ дәрі арзан, өзіндік құны 15-20 мың теңгеден аспайды», - деді Саясат Нұрбек.

Министрдің айтуынша, дәріні елімізде жыл соңына дейін тіркеу жоспарланып отыр.