Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында 12 құжатқа қол қойылды

0
148

Келесі отырыс Қырғызстанда тамызда өтеді.


Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында 12 құжатқа қол қойылды

фото: Sputnik / Дмитрий Астахов

ERNUR.KZ. Шымкентте Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы кезекті отырысы аяқталды, деп жазады sputnik.kz.

Іс-шараны Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов жүргізіп, одақ экономикасын дамыту бойынша бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті. Еуразиялық экономикалық одақ үшін тауарлар, қызметтер, капитал және жұмыс күшінің еркін қозғалысы сөзсіз негізгі қағидат болып қалуға тиіс, деді Бектенов.
Қазақстан өзінің төрағалығы аясында одақ қызметінің салаларына жасанды интеллект енгізіп, транзиттік әлеуетті ашуға, өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуге ниетті. Сондай-ақ ішкі нарықтағы кедергілерді дәйекті түрде жойып, сыртқы сауда ынтымақтастығын кеңейтуді қолға алмақ.
Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қорытындысы бойынша 12 құжатқа қол қойылды. Қабылданған шешімдер интеграциялық процестерді ары қарай дамытып, мүше мемлекеттер экономикаларының тұрақтылығын нығайтуға бағытталған, деп атап өтті Қазақстан үкіметі.
Бұл құжаттар еуразиялық технологиялық платформаларды қалыптастырып, жұмыс істетуге бағытталған. Сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында 2026-2030 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасына, макроэкономикалық жағдайға және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды қамтамасыз етеді.
Келесі отырыс 6-7 тамызда Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өтеді.
ЕАЭО-ға бес ел кіреді:
Қазақстан;
Ресей;
Армения;
Беларусь;
Қырғызстан.
Бірлестік біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастырып, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты тереңдету үшін құрылған.