Бған дейін ҚР Ғылым және жоғары министрлігі елдегі қай университтерде суперкомпьютер орнатылғанын және оларды кімдер пайдалана алатынын түсіндірген еді.
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana Pro/ Canva
ERNUR.KZ. Жасанды интеллектіні меңгеру барлық сала мамандарына қатысты болады. Бұл туралы елордадағы Өңірлік экологиялық саммитте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті, деп жазады inform.kz.
— Адами капитал, білім, ғылым және ғылыми-зерттеу бағыттары біздің жаңа Конституциямызда басты құндылықтар ретінде белгіленді. Біз адами капиталға ерекше назар аударып отырмыз. Экологиялық мәдениет Қазақстанның басты құндылықтарының бірі ретінде Конституцияның преамбуласында көрсетілген, - деді С.Нұрбек.
Оның айтуынша, экологиялық сананы қалыптастыру ерте жастан, яғни балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі білім берудің барлық деңгейінде қамтылуы керек. Сондай-ақ ол халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы жүзеге асырылып жатқанын еске салды.
Сонымен қатар министр Қазақстан білім берудегі цифрлық технологияларға басымдық беріп отырғанын атап өтті. Нақтырақ айтқанда, былтыр бакалавриатта білім алып жатқан 673 мың студент жасанды интеллектіні күнделікті өмірде қолдануды үйренді.
— Қазір қосымша 100 000 студентті жинап жатырмыз. Олар бұл салада тереңдетіп оқытылады және өздерінің жасанды интеллект саласындағы жобалары мен агенттерін жасай алатын деңгейге жетеді. Атап айтқанда, екі суперкомпьютер орнатылды, әрбір университетте оларды пайдалану үшін квота бар. Біз тек IT мамандарын ғана емес, сонымен қатар басқа мамандықтардың өкілдерін - экологтарды, кітапханашыларды, инженерлерді және басқа да мамандарды дайындаймыз. Бұл бізге кез келген сектордағы тиімділікті арттыру үшін жасанды интеллекті технологияларын қолдану мүмкіндігін береді, - деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ғылым және жоғары министрлігі елдегі қай университтерде суперкомпьютер орнатылғанын және оларды кімдер пайдалана алатынын түсіндірген еді.


