Биыл Қазақстанда 6 жаңа ақылы учаскені енгізу көзделген

0
121

Шекаралық инфрақұрылымды дамыту аясында Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерімен автомобиль өткізу пунктілерін жаңғырту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.


Биыл Қазақстанда 6 жаңа ақылы учаскені енгізу көзделген

ERNUR.KZ. 2028 жылға дейін 37 пунктіні жаңғыртуды жоспарда бар. 2025 жылдан бері 14 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 5 пунктіде жүк көліктеріне арналған сервистік аймақтар салынуда. Қалған 23 өткізу пунктілері бойынша дайындық жұмыстары басталды. Бұл жайлы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Сонымен қатар ақылы автомобиль жолдарының инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

«Қазіргі таңда ел аумағында жалпы ұзындығы 4 900 шақырымды құрайтын 26 ақылы жол учаскесі бар. Биыл қосымша жаңа 6 ақылы учаскені енгізу жоспарлануда. Сондай-ақ ақылы жолдарда ақаулар анықталған жағдайда жол жүру ақысын уақытша тоқтату нормасы енгізілді. Қазіргі таңда 15 учаскеде жарықтар мен ақауларды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр»,-деді спикер.

Айта кетерлігі, республикалық маңызы бар автожолдар желісінде 1500-ға жуық жол бойындағы қызмет көрсету нысандары орналасқан. 2026 жылы жеке инвестициялар есебінен қосымша 37 жаңа нысан ашу жоспарлануда. Оның ішінде: 27 жанармай құю станциясы және 10 тамақтану пунктісі.

Жол пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында 13 жаңа санитарлық торап орнату жоспарланған. Нәтижесінде республикалық автожолдар бойындағы санитарлық тораптардың саны 190 бірлікке жетпек.

Брифинг барысында Дархан Иманашев биылғы су тасқыны маусымын жол қызметі алдын ала дайындық жұмыстарының арқасында абыроймен алып шыққанын айтты. 2026 жылғы су тасқыны кезеңінде республикалық автожолдарда 5 су алу фактісі ғана тіркелді. Осыдан екі жыл бұрын 178 су алу фактісі тіркелген болатын. Су тасқынына қарсы іс-шараларға 1000 бірлік техника және 1900 қызметкер жұмылдырылды. Шамамен 15 мың суөткізгіш құбырлар тазартылып, 86 мың текше метр инертті материал әзірленді.