"Бітіру кешіне 200 мың теңгеден жинап жатыр": Алматылық ата-ана оқушыларға жұмсалатын ақшаның көптігіне ашуланды

0
112

Бұл үндеуден соң желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды.


Фото: Видеодан скрин/freepik.com

ERNUR.KZ. Қазақстандық ата-ана Алматыдағы №159 мектепте бітіру кешіне 200 мың теңгеден ақша жинап жатқанын айтып шағымданды. Осы үндеуден соң Оқу-ағарту министрлігі бұл шағымға жауап берді, деп жазады stan.kz.

Видеоүндеуді оқушылардың бірінің анасы жариялаған. Оның айтуынша, әр оқушыдан бітіру кешіне 200 мың теңгеден жиналып жатыр.

“Мен сіздерге көпбалалы ана ретінде жазып отырмын. Биыл менің балам Алматыдағы жалпы білім беретін мектепті бітіріп жатыр. Мен әр жылдың өзінде барлық түлектердің ата-аналары кездесетін бір жағдайға тап болдым. Біздің мектепте әр бала үшін бітіру кешіне 200 мың теңгеден, кейде одан да көп ақша жиналады. Жалпы білім беретін мектеп үшін бұл өте үлкен сома. Оны әр отбасы төлей алмайды. Солай бола тұра, шығын сметасы көрсетілмейді. Балалардың қызығушылығы ескерілмейді, олардың мүддесі аз бағаланады. Мен 30 жылдық тәжірибесі бар қаржыгермін, бюджетті оқып, шығындарды бағалап, қауіп-қатерді көре аламын. Бұл мәселе әр жылы қайталана береді. Маған үнемі "балаңды ойла" деп айтады. Мен де солай істеп отырмын. Балалар ақша жинау – қалыпты жағдай деп үйренбеуі керек”, – деді ол.

Бұл үндеуден соң желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі ата-аналардың өзін кінәласа, енді бірі мұндай шығынның шынымен кететінін растады.

“Ал бізде 90 мың теңге деп жанжалдасып алдық”, “Мәссаған 200 мың теңгеге не істемек?”, “Бұл ақшадан бөлек, шаш сәндеу, киім бар”, “200 мың теңгеге түсірілім, бітіру кеші тағы басқа нәрселер ұйымдастыратын шығар”, “Шынымен келісемін ақшаны босқа шашу”, “Негізі мұны тек балалардың өздері қалап тұр”, – деп жазды олар.

Ал Оқу-ағарту министрлігі бұдан соң, білім беру ұйымдарына ата-аналардан қандай да бір мақсатта ақша жинауға тыйым салынғанын еске салды. Ведомство бұл жағдайды тексеріп, мектеп тарапынан заңсыз ақша жинау фактісі расталмағанын мәлімдеді.

"Алматы қаласының білім басқармасының мәліметінше, гимназия бітіру кешін ұйымдастырмайды және ата-аналардан ақша жинамайды. Тексеру барысында мектеп әкімшілігі мен мұғалімдердің бұл іске қатысы жоқ екені анықталды", – делінген хабарламада.

Министрлік өкілдері мұғалімдер мен білім басқармасы ата-аналар мен түлектерге бітіру кешіне артық шығынданбау керектігін түсіндіріп жатқанын айтты. Сонымен қатар, мұндай шараларды өткізуге қатысты арнайы ұсынымдар әзірленіп жатыр.