Сот отырысы 14 мамырға белгіленген.
Фото: Жоғарғы сот
ERNUR.KZ. Салтанат Нүкенованы өлтіру ісі бойынша сотталған Бақытжан Байжановқа қатысты үкімді кассациялық сот қайта қарайды, деп жазады stan.kz.
Қазір қылмыстық іс сот өндірісінде. Ақпаратқа сәйкес, Бақытжан Байжановтың мүддесін қорғаушы адвокаттардың шағымдарыы бойынша Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан оған және Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс сұратылған.
“Сот актілері Байжановқа қатысты қайта қаралуға тиіс. Ал сотталған Бишімбаев пен оның адвокаттарынан кассациялық шағым түскен жоқ”, – делінген жауапта.
Сот отырысы 14 мамырға белгіленген. Кассациялық сатыда істерді тақ санды (кемінде үш) судьядан тұратын алқа қарайды.
Еске салайық, Астанадағы Bau мейрамханасында әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірген экс-министр Қуандық Бишімбаев 2024 жылғы 13 мамырда 24 жылға сотталды. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасрыру бабы бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
2024 жылғы қыркүйекте Байжанов үкімді қайта қарау туралы кассациялық өтініш берген, алайда кейін оны кері қайтарып алған. Адвокаты бұл шешімнің себебін нақтыламағанымен, оның кез келген уақытта қайта жүгінуге құқығы бар екенін айтқан.
Былтыр шілдеде Байжанов Степногорск аудандық сотына өтініш жолдап, рақымшылық жасау туралы заң аясында мерзімін қысқартуды сұраған. Бұған дейін Байжановтың адвокаты рақымшылық жасалса, оның қорғауындағы азаматтың мерзімі шамамен сегіз айға қысқартылуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Сот амнистия туралы өтінішті қанағаттандырып, Байжановтың жаза мерзімін 8 ай 8 күнге қысқартты. Ол кезде ол 1 жыл 11 ай жазасын өтеп үлгерген еді. Осылайша, Байжанов 2026 жылғы қарашада бостандыққа шығуы керек болған.


