Басына кондиционер құлаған фельдшер ісі: Қылмыстық іс қозғалды

0
126

Астанада тоғыз қабатты үйдің қасбетіндегі кірпіш пен кондиционер ілгіші опырылып, төменге құлаған еді.


Басына кондиционер құлаған фельдшер ісі: Қылмыстық іс қозғалды

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Астанадағы бірнеше адам ауыр жарақат алған оқыс оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп жазады baq.kz.

Айтуынша, тергеу Қылмыстық кодекстің 306-бабы – «Адам денсаулығына ауыр зиян келтірген сапасыз қызмет көрсету» бойынша жүргізіліп жатыр.

Оқиғаға байланысты сот-медициналық және құрылыс-техникалық кешенді сараптамалар тағайындалған. Сондай-ақ мердігер компанияның құжаттары алынып, тексерілуде. Тергеу қорытындысы бойынша құрылыс салушыға құқықтық баға беріледі. Бұл нысанда бірнеше рет сапасыз қасбеттік жұмыстар жүргізілгені белгілі. Соның салдарынан, өкінішке қарай, елорда тұрғындары ауыр жарақат алды, – деді Санжар Әділов Сенатта өткен баспасөз брифингінде.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, оқыс оқиғаға қатысты әзірге күдіктілер анықталуда. Әкімдіктің комиссиясы мен сот сараптамасының қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі деп отыр.

Еске сала кетейік, Астанада тоғыз қабатты үйдің қасбетіндегі кірпіш пен кондиционер ілгіші опырылып, төменге құлаған еді. Салдарынан бес адам жарақат алып, олардың екеуі медицина қызметкері болған. Жарақат алған фельдшер ауыр жағдайда ауруханада жатыр.