Бұл көрсеткіш осыдан бес жыл бұрын 94 пайызға жетер-жетпес болатын.
Елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың басым бір бағыты – тұрғындарды сапалы инфрақұрылыммен, оның ішінде сапалы ауызсумен қамту саласы. Бұл саланың жанданғанына шамамен он жылдан астам уақыт өтіп, ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде өткен жылдың қорытындысымен қазақстандықтардың 98,9 пайызы ауызсуға қол жеткізген. Бұл көрсеткіш осыдан бес жыл бұрын 94 пайызға жетер-жетпес болатын. Ал биыл тұрғындарды ауызсумен қамту көрсеткіші жүз пайызға жетеді деп жоспарланып отыр. Дегенмен, бірнеше жыл бұрын жүргізілген зерделеулер барысында бір жарым мыңнан аса ауылда сапалы ауызсу анықталмаған екен.
Соңғы бірнеше жылда елімізде ауызсу саласын дамытуға арналған қандай жұмыстар жүргізілгенін зерделеп көрдік. Мәселен, алысқа ұзамай-ақ, 2024 жылды алайық. Былтыр бұл бағытқа 218 миллиард теңге бағытталып, 300-ден аса жоба қолға алынған. Нәтижесінде қырыққа жуық ауылға су жеткізіліп, өзге де жерлердегі тозығы жеткен жүйелер жаңартылған. Ал биыл жүзге жуық жоба іске асырылады деп жоспарланған. Оның ішінде сегіз мың шақырым су желісін қайта жөндеу жұмыстары бар. Аталған бағытқа бөлінген жалпы бюджет көлемі – бір триллион теңгені құрайды.
Өткен жылы елімізде су ресурстарын басқару бойынша 2030 жылға дейінгі тұжырымдама бекітілген еді. Осы тұжырымдама шеңберінде жиырма су қоймасын жаңадан салу, 15 су қоймасын жөндеу, 14 мың шақырымды құрайтын инфрақұрылымды жаңғырту және су тасымалын 50 пайыздан 25 пайызға төмендету көзделген. Ал, жаңадан қабылданған су кодексі арқылы су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су тұтыну тиімділігін арттыру, сала жұмысын цифрландыру салалары қамтылған болатын.
Ауызсу тақырыбын қозғағанда судың сапасы да қатар жүретіні белгілі. Себебі, әсіресе ауылдық жерлерде суды тазарту жүйесі осал келеді. Тіпті қалалардың жартысында ғана санитарлық жүйелер жетілдірілген екен. Халықаралық зерделеулерге сүйенсек, ауылдық жерлердің тоқсан пайызы ауызсумен қамтылған. Алайда ондағы су желісі мен су сапасының деңгейі 60 пайыздан әрең асады екен. Орталықтандырылған су жүйелерінің де жартысына жуығы қайта жаңғыртуды талап етеді.
Десе де елімізде тұрғындарды ауыз сумен қамту көрсеткіші де, су сапасы да жақсарып келе жатыр. Бұл жұмыстар арнайы бағдарламалар, су үнемдеу тетіктері және саланы сандық форматқа көшіру жұмыстарының нәтижесі десек қателеспейміз.
Осы ретте елімізде іске асырылып жатқан жемісті бағдарламаларды да атап өту керек. Оның ең маңыздысы – «Ауыл–ел бесігі» бағдарламасы. Себебі, ауылдардағы инфрақұрылымды жақсарту, су жеткізу, ауызсу құбырлары мен су сапасын көтеруге бағытталған ұлттық жоба шеңберінде 2024 жылдың өзінде жеті жүзден аса елді мекенде ауызсу проблемасы шешілген. Одан бөлек, «Нұрлы жол» деп аталатын бағдарлама аясында ауызсумен қамтамасыз ету саласын дамытуға қаржы бағытталып келеді. Мүлдем ауызсу жеткізілмеген және тозған желілерді жаңғыртуға, су үнемдеу тетіктерін енгізуге және саланы электрондық форматқа көшіруге өңірлерді дамыту бағдарламасы мен су саласын дамыту тұжырымдамасы арқау болуда. Оған қоса Қазақстан Республикасы ауызсу желілерін қайта жөндеу, ауылдарға сапалы су беру және су сапасын көтеру мақсатында дүниежүзілік банкпен бірге түрлі жобаларды іске асырып жатыр.
Б.Мейірханұлы,