​Атыраудағы отбасының өлімі: күдікті күйеубаланың психикалық жағдайына баға беріледі

0
84

Күдікті Сұлтан Сарсемалиевке де қатысты кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптама тағайындалған.


​Атыраудағы отбасының өлімі: күдікті күйеубаланың психикалық жағдайына баға беріледі
Фото: qamqor.gov.kz
ERNUR.KZ. Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасының өліміне күдікті деп танылған Сұлтан Сарсемалиевтің әйелі Ақбаян Мұқанғалиева стационарлық кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізу үшін Алматы қаласындағы сот сараптамалары институтына жіберілді, деп жазады inform.kz.

Атырау облыстық прокуратурасының мәліметінше, күдікті Сұлтан Сарсемалиевке де қатысты кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптама тағайындалған. Алайда оның қорытындысы әзірге шықпады.

– Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу сатысында Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекеттеріне құқықтық баға берілмеген және оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалмаған. Күдіктілердің іс-әрекетіне түпкілікті құқықтық баға барлық мән-жай анықталып, тағайындалған сараптамалардың қорытындысы алынғаннан кейін беріледі, - деп мәлімдеді прокуратураның баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта ата-енесі мен әйелінің бауырларын өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевке қатысты қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша іс қозғалды.
Олар:
• 99-баптың 2-бөлігінің 1 және 13-тармақтары – «Екі немесе одан да көп адамды бірнеше рет өлтіру»;
• 188-баптың 2-бөлігі – «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық»;
• 190-бап – «Алаяқтық».
Қазіргі уақытта күдікті Атырауда қамауда отыр.
Наурыз айында айыпталушы сот санкциясымен екі айға қамауға алынған еді.
Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.
6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.
Кейін олардың денелерінде пышақ іздері бары банықталды.
9 қаңтарда Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев екені ресми түрде белгілі болды.
Сондай ақ жоғалған отбасы туралы тың деректерді әлеуметтік желі арқылы таратқан хакерге халықаралық іздеу жарияланған еді.
Қанды қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікке сол үйдің қызы да ілінді.
Күдіктілер ақпан айының соңында Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінгендер ұсталған еді.
Екі күдіктінің шетелде қалай ұсталғаны жөнінде видео жарияланды.
Бірнеше күннен кейін олар Атырау қаласына жеткізілді.
Кейін полиция Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасыны өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевті ата-енесін өлтірген үйге апарды. Ол тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын көрсетіп, сұрақтарға жауап берген.
Ішкі істер министрлігі жариялаған видеодан Сұлтан Сарсемалиевтің қалада жалдап тұрған үйінің іргесінен қазған шұңқырды көрсеткенін байқауға болады. 29 жастағы күдікті бұрынғы әйелінің ағасы Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны сол жерге көміп кеткен.