Соңғы аптада елордада 23 002 ЖРВИ жағдайы тіркелген.
Фото: тengrinews.kz / Турар Казангапов
ERNUR.KZ. 19 қараша, сәрсенбіде Астананың Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айгүл Шағалтаева "Санитариялық-індетке қарсы іс-шараларды жүргізу туралы" қаулыға қол қойды. Қаулы мәтіні Астана әкімдігі жариялады, деп жазады tengrinews.kz.
Құжатқа сәйкес, бірқатар шаралар енгізілді:
- поликлиникалар мен стационарлардың жұмысын күшейту;
- науқастарды оқшаулау;
- қабылдау кабинеттерін кеңейту;
- маска тағу режимін сақтау;
- температуралық бақылау;
- вирусқа қарсы препараттардың қорын қамтамасыз ету.
Сондай-ақ, 20 қарашадан 5 желтоқсанға дейінгі кезеңге сыныптағы оқушылар санының 30 пайызы және одан да көбі ЖРВИ-мен сырқаттану тіркелген жағдайда оларды қашықтан оқыту форматына ауыстыру, әр ауысым алдында "таңғы сүзгіні" жүргізу, жедел респираторлық ауру белгілері бар мектеп оқушылары мен мектепке дейінгі ұйымдарға баратын балаларды, сондай-ақ педагогтарды сабаққа жібермеу, балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу және білім беру объектілерінде топтық оқшаулауды сақтау шаралары қарастырылған.
"Эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін ЖРВИ мен тұмауға қарсы іс-шараларды жалғастыру қажет", – делінген құжатта.
Соңғы аптада елордада 23 002 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Бұл 30 қазан – 5 қараша аралығындағы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есе көп. Науқастардың 60 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар.
Қазіргі уақытта Қазақстанда бірнеше тұмау штаммы айналымда жүр, оның ішінде A H3N2 (Гонконг тұмауы) бар. Бұл штамм аурудың ауыр өтуімен ерекшеленеді. Ауру жағдайларының күрт өсуі халық арасында алаңдаушылық туғызып, тұрғындар дәріханалардан вирусқа қарсы препараттарды жаппай сатып алып жатыр.


