Қаланың интеллектуалды көлік жүйесі белсенді дамып келеді.
ERNUR.KZ. Бағдаршамдардың 40% автоматты режимде жұмыс істейді. 2026 жылы бұл көрсеткіш 82%-ға жетеді. 2027 жылға қарай қалада үздік әлемдік тәжірибелерге сай көлікті басқарудың толыққанды жүйесі құрылады. Presight AI компаниясымен бірлесе Smart City жобасы іске қосылды. Қауіпсіздік пен жылдам әрекет ету үшін бейне аналитикасы бар 20 мың камера орнатылуда. Қазір әрбір екінші қылмыс бейнекамералар арқылы ашылады. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Интеллектуалды көлік жүйесі мен SMART city – қаланы басқарудың цифрлық платформасына кіреді. Бұл тұрғындар жолдардағы жүктемені азайта отырып, ыңғайлы, жылдам және қауіпсіз қозғала алатын экожүйені жасақтауға мүмкіндік береді. Қала басшысы есеп беру кезінде әлеуметтік саланы дамыту жайына да тоқталды. Оның айтуынша, шамадан тыс толы мектептер мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Осы жылы 9 мектеп пайдалануға берілді.
«2026 жылға жалпы қуаттылығы 16 мың оқушы орнына есептелген тағы 12 мектептің құрылысы жоспарланған. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі аясында жаңа балабақшалар ашылуда, оның ішінде қарқынды дамып келе жатқан аудандар қамтылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қосымша білім беру нысандары салынуда. Мысалы, Мұхамедханов көшесінде орналасқан, 750 орынға арналған TANYM жаңа оқушылар сарайы іске қосуға дайын. Сондай-ақ келесі жылы тағы екі оқушылар сарайы ашылады: TANYM Art және TANYM Sport», – деді әкім.
Қалада медициналық инфрақұрылым тапшылығы әлі де сақталуда. Бұл мәселені шешу мақсатында Есіл мен Нұра аудандарында екі емхана, Алматы ауданында перинаталдық орталық, жаңа көпсалалы қалалық аурухана және Есіл ауданында балаларға арналған травматологиялық пунктінің құрылысы басталады.
Қалалық №2 аурухананың қабылдау-диагностикалық кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ Сарыарқа ауданында перинаталдық орталық салу жобасы жүзеге асырылуда.
Спорттық объектілер желісі қарқынды түрде дамып келеді. Орталық саябақта Инклюзивті спорт орталығы мен Шаңғы базасы ашылуда. «Қазақстан» спорт сарайы мен Қ. Мұнайтпасов атындағы стадионды қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда, олардың аяқталуы келесі жылға жоспарланған.


