Терминалда жоспарлы оқу-жаттығу өткен.
Фото: Астана халықаралық әуежайы
ERNUR.KZ. Астана халықаралық әуежайының өкілдері ғимараттан жолаушылардың шұғыл эвакуациялануы өртке байланысты болды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, нысанда жоспарлы оқу-жаттығу өткен.
«Кейбір БАҚ-та тараған «Астана әуежайында өрт қаупіне байланысты жедел эвакуация болды» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Әуежайда хабарландыру жүйесін тексеру және қызметтердің өзара іс-қимылын пысықтау мақсатында жоспарлы оқу-жаттығу өтті. Барлық жолаушылар мен келушілер оқу дабылы жөнінде алдын ала хабардар болған», – деп хабарлайды әуежайдың баспасөз қызметі.
Қазір әуежай қалыпты режимде жұмыс істеп тұр: жолаушыларға қызмет көрсету мен әуе рейстеріне қатысты қандай да бір кедергі жоқ. Әуежай әкімшілігі ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырды.


