Астана әкімдігі марқұм болған фельдшердің отбасына материалдық көмек көрсетеді

0
98

18 қарашада 23 жастағы жас келіншектің қайтыс болғаны белгілі болды.


Астана әкімдігі марқұм болған фельдшердің отбасына материалдық көмек көрсетеді

Сурет: Instagram/rustemova_aliya

ERNUR.KZ. Елорда әкімдігі қызмет бабында ауыр жарақат алып, қаза тапқан Астана қаласының Жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері Мырзуан Ұлдана Қалдарханқызының отбасына материалдық көмек көрсететін болады, деп жазады zakon.kz.

Әкімдік қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғыра отырып, көңіл айтты.

"Марқұмның отбасына материалдық көмекпен қатар, жан-жақты қолдау көрсету, сондай-ақ жерлеу рәсімімен байланысты шығындарды жабу жоспарланып отыр. Сондай-ақ белгіленген тәртіппен сақтандыру төлемі қарастырылатын болады", делінген хабарламада.

Айта кетсек, 2025 жылы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылы бойындағы тұрғын үй кешенінің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып, үйінді астында қалған адамдарды құтқару кезінде қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы фельдшерінің басына кондиционер қондырғысы құлаған. Ол ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген. 12 қарашада денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов фельдшердің жағдайы ауыр күйінде қалып отырғанын айтқан.

18 қарашада 23 жастағы жас келіншектің қайтыс болғаны белгілі болды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қызмет бабында қаза тапқан Ұлдана Мырзуанның отбасына көңіл айтты. Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуан (марқұм) "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.