Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы – 22 және 20 жастағы қыздар оқиға орнында көз жұмды.
Видео кадры/ZTB News
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде Алматыдағы әл-Фараби даңғылында 21 наурызға қараған түні болған жантүршігерлік жол апаты қызу талқыланып жатыр, деп жазады tengrinews.kz.
Еске салайық, қайғылы оқиға таңғы сағат 03:30 шамасында болған. Батыс бағытта жоғары жылдамдықпен келе жатқан Zeekr электромобилі қарсы жолаққа шығып кетіп, шығыс бағытта келе жатқан Mercedes көлігін қатты соққан.
Салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы – 22 және 20 жастағы қыздар оқиға орнында көз жұмды. Ал Zeekr көлігінің жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Қазір жұртшылықтың назары Zeekr жүргізушісінің жеке басына ауып отыр. Әлеуметтік желі қолданушыларының көкейінде сұрақ көп.
"Неге полиция үнсіз? Іс қозғалды дегенмен, қазіргі әлеуметтік желі дәуірінде құрғақ ақпарат жеткіліксіз. Жүргізуші кім? Қоғам соны білгісі келеді. Алматыда мұндай көліктер көбіне ықпалды адамдарға тиесілі. Бейнежазба қайда? Әл-Фараби – қаладағы ең бақыланатын көшелердің бірі. "Сергек" камералары әр қадам сайын орнатылған. Бірақ апат сәтінің видеосы әлі жарияланған жоқ. Жүргізуші мас болды ма? Нақты жылдамдық қандай болған? Әлде бейнежазба "техникалық ақаумен" жоғалып кете ме? Бұл жол апаты – құқық қорғау жүйесіне үлкен сын. Қоғамда "заң бәріне бірдей болуы керек" деген талап күшейіп отыр. Адамдар істің ашық түрде қаралуын, бәрі әділ шешілуін талап етеді", - деп жазған pilly_grimm есімді қолданушы Threads желісінде.
Ал тәуелсіз журналист Михаил Козачковтың айтуынша, апат кезінде Zeekr 9X көлігін Алматының 32 жастағы кәсіпкер басқарған. Оның компаниялары көлік саласында жұмыс істейді. Солардың бірі 2024 жылдың күзінен бері мемлекет қазынасына 50 миллион теңгеден аса салық төлеген.
Куәгерлердің сөзінше, сол түні Zeekr көлігі басқа көлікпен жарысқан болуы мүмкін.
Журналистің болжамынша, жол апатына кінәлі адам сот алдында жауап беріп, жазаға тартылады. Ол Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес шамамен 10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтты.


