Алматыда балалардың пойыздағы қауіпті ойыны: полиция ата-аналарды жауапқа тартты

0
111

Бұған дейін әлеуметтік желілерде балалардың жүріп бара жатқан пойыз вагонының жақтауында отырған видеосы тараған.


Алматыда балалардың пойыздағы қауіпті ойыны: полиция ата-аналарды жауапқа тартты

Бейнеден кадр/ tengrinews.kz.

ERNUR.KZ. Алматыда Көліктегі полиция департаменті жүк пойызы вагондарынының жақтауында отырған жасөспірімдердің кім екенін анықтады. Олар қаладағы мектептердің бірінің 6-сынып оқушылары болып шықты, деп жазады tengrinews.kz.

Не болды?

Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде балалардың жүріп бара жатқан пойыз вагонының жақтауында отырған видеосы тараған. Сол кезде Көліктегі полиция департаменті жасөспірімдердің іздестіріліп жатқанын хабарлаған еді.

Тексеру қорытындысы

Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Алматы-1 станциясының қызметкерлері оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаны анықтады. Үш алтыншы сынып оқушысы ата-аналарымен бірге полиция басқармасына жеткізілді. Сондай-ақ тексеру жұмыстарына жасөспірімдер оқитын мектептің басшылығы да тартылды.

"Кәмелетке толмағандармен теміржол көлігі нысандарындағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру бойынша профилактикалық жұмыс жүргізілді. Балалардың заңды өкілдері бала тәрбиесіндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп хабарлады Көліктегі ПД.

Полиция өкілдері жиналған материалдардың соңғы шешім шығару үшін сотқа жолданғанын айтты. Сонымен қатар мектептің өзіне де жеке ұсыныс жіберіледі.

"Заңды өкілдер балалардың мінез-құлқына тиісті бақылау жасауға және оларға мұндай әрекеттердің жол берілмейтінін түсіндіруге міндетт", – деп түйіндеді ПД.