Конституциялық реформаны жүзеге асыру шеңберінде елде әлеуметтік мемлекеттің жаңа моделі енгізілуде, онда кепілдіктер жүйесі ғана емес, азаматтардың білімі мен дағдыларын дамытуға басымдық беріледі.
ERNUR.KZ. Үкімет отырысында Әлеуметтік және Еңбек кодекстеріне жоспарланған өзгерістер туралы Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндады, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.
Жаңа Конституция әр азаматтың еңбек ету құқығын бекітіп, оны жүзеге асыру үшін мемлекет тиісті жағдай жасауға міндетті екенін айқындайды. Цифрлық экономиканың қарқынды дамуын ескере отырып, еңбек заңнамасы жұмыспен қамтудың жаңа нысандарына, соның ішінде қашықтан және платформалық жұмыспен қамту формаларына бейімделеді. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру, оларды оңалту тетіктерін дамыту және қоғамдық әрі еңбек өміріне толыққанды интеграциялау бағытындағы жұмыстар жалғасады.
«Бұған дейін негізгі назар көбіне әлеуметтік кепілдіктер жүйесіне аударылып келсе, жаңа Конституция әлдеқайда кең тәсілді бекітеді. Атап айтқанда, азаматтардың әл-ауқатының өсуінің негізгі факторлары ретінде адами капиталды дамытуға, білім беруге, ғылым мен инновацияларға басымдық беріледі. Сонымен бірге біз әлеуметтік саясатты жаңа стратегиялық мазмұнмен толықтыру үшін жұмыспен қамтуды дамытуға, сапалы жұмыс орындарын ашуға, азаматтардың кәсіби білім алу мен біліктілігін арттыру мүмкіндіктерін арттыруға назар аударамыз», — деді вице-премьер.


