2023 жылы Алатау қаласының макетінде үлкен жабық футбол стадионының жобасы көрсетілген еді.
Фото: Алматы облысының әкімдігі
ERNUR.KZ. Алатау қаласында 50 мың көрерменге арналған футбол стадионының құрылысы жоспарланғанымен, 2026 жылы облыс билігі жобадан толықтай бас тартқанын хабарлады, деп жазады inform.kz.
2023 жылы Алатау қаласының макетінде үлкен жабық футбол стадионының жобасы көрсетілген еді. Ал 2024 жылы Алатау қаласын дамыту шебер-жоспарын таныстырған кезде GOLDEN District аумағында (агломерацияның төрт ауданының бірі) 50 мың көрерменге арналған стадион салу ұсынысы ресми түрде жария етілді.
Алайда 2026 жылға қарай Алатау қаласын дамыту жоспары қайта қаралып, енді ауқымды стадион салынбайтыны белгілі болды.
Билік 50 мың орындық футбол стадионы жобасынан толықтай бас тартқанын ресми түрде хабарлады.
Бұл туралы Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Айта кетейік, Алатау қаласында футбол стадионын салу жоспары Алматыда 45 мың орындық жаңа стадион салу туралы шешім қабылданғанға дейін жарияланған болатын.
Еске салайық, бұған дейін Алматы құрылыс басқармасы 45 мың көрерменді бір мезетте қабылдай алатын жаңа футбол стадионының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын хабарлаған еді.


