​Alatau city: Қандай жағдайда шетелдік инвестордан жер қайтарып алынады

0
94

Алатау қаласындағы негізгі стратегиялық шешімдерді Премьер‑министр басқаратын Кеңес айқындайды.


​Alatau city: Қандай жағдайда шетелдік инвестордан жер қайтарып алынады

Фото: primeminister.kz

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтан Алатау қаласының аумағындағы арнайы құқықтық режим аясында шетелдік инвесторлардың жер учаскелерін пайдалануы қалай реттелетінін сұрады, деп жазады inform.kz.

— Заң жобасында Алатау қаласы аумағында мүліктік және жер қатынастарын реттеудің арнайы құқықтық режимін белгілеу көзделген. Жоба Алатау қаласын дамытуға және инвесторлар тартуға бағытталғанын ескерсек, арнайы құқықтық режим шеңберінде, оның ішінде жер ресурстарын пайдалану бөлігінде шетелдік инвесторлармен азаматтығы жоқ адамдардың қатысуын нақтылап түсіндіріп берсеңіз, — деді депутат.

Өз жауабында Қанат Бозымбаев жер тақырыбы — ел азаматтары үшін өте маңызды сұрақ екенін атап өтті.
— Алатау қаласының барлық инвесторына, оның ішінде шетелдік инвесторларға жер учаскелері тек нақты инвестициялық жобаларды іске асыруға және бизнес-лицензия үшін жалға немесе басқаша түрде беріледі, — деді Қанат Бозымбаев.
Оның айтуынша, жер телімін берудің өз міндеттемелері және белгіленген уақыты болады. Егер екі жыл ішінде жер үстінде зауыт, фабрика, университет немесе қонақүй салынбаса, онда айыппұл салынады.
— Тағы бір екі жылдан кейін де әрі қарай даму болмаса, онда жер кері қайтарылады. Сондықтан бұл мәселе тек қана инвестициялық жобаларға берілетін болады. Ал Қазақстан азаматтарына жер беру мәселесі елдегі заң бойынша реттеледі, — деп түсіндірді Премьер-министр орынбасары.
Айта кетейік, елордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды. Жиында Мәжіліс пен Сенат депутаттары «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр.
Алатау қаласындағы негізгі стратегиялық шешімдерді Премьер‑министр басқаратын Кеңес айқындайды. Инвесторлардың құқықтары халықаралық деңгейде қорғалады. Ал салық жеңілдіктері тек басым салалардағы жаңа инвестициялық жобаларға беріледі.