Ол 18 жыл бұрын бірге тұрған әйелді өлтірген.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Ақмола облысында 18 жыл бұрын жасалған қанды қылмыс ісі қайта қаралып, сол кезде адам қолынан қайтыс болған әйелдің өліміне кінәлі деген қылымыскер табылды. Алайда күдікті төрт жыл бұрын жан тапсырған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 2008 жылдың мамыр айында Бурабай ауданына қарасты Златополье ауылында болған. Құрбан – сол ауылдың тұрғыны. Тергеудің бастапқы кезеңінде негізгі күдік әйелдің бірге тұрған серігіне түскен. Оқиға алдында екеуі бірге ішімдік ішкені белгілі болғанымен, сол кезде оның кінәсін дәлелдеуге жеткілікті айғақтар жиналмаған. Соның салдарынан істі ұзақ уақыт бойы ашуға мүмкіндік болмаған.
Соған қарамастан, құқық қорғау органдары бұл істі толық ұмыт қалдырмайды. Жылдар бойы тергеушілер оқиғаға қайта оралып, жаңа деректер іздеген. 2026 жылдың ақпанында іс қайта жанданып, қосымша сараптамалар тағайындалды. Атап айтқанда, ситуациялық медико-криминалистикалық зерттеу жүргізіліп, бұрын назардан тыс қалған жайттар қайта сараланған.
Жаңа айғақтар мен сараптамалардың нәтижесінде тергеу күдіктінің қылмысқа қатысы бар екенін дәлелдейтін жеткілікті деректерге қол жеткізген. Осылайша, 18 жылдан кейін қылмыстың беті ашылды.
Алайда істің соңғы нүктесін қою мүмкін болмай отыр. Күдікті 2022 жылдың қыркүйегінде үсіп қайтыс болған.


