«Әділет» саяси партиясы мемлекеттік тіркеуден өтті

0
95

Жаңа саяси ұйымның құрамына түрлі салалардағы кәсіби қауымдастық өкілдері енген.


Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

ERNUR.KZ. Қазақстанда жаңа саяси ұйым – «Әділет» партиясы мемлекеттік тіркеуден өтті, деп жазады inform.kz.

Партияның хабарлауынша, 2026 жылғы 1 маусымда ҚР заңнамасына сәйкес Әділет министрлігі «Әділет» саяси партиясын ресми түрде мемлекеттік тіркеуден өткізді.

Жаңа саяси ұйымның құрамына түрлі салалардағы кәсіби қауымдастық өкілдері енген.

– Партия қатарында еңбек адамдары, мұнай сервистік және тау-кен металлургиясы салаларының қызметкерлері, шахтерлер, спортшылар, педагогтер, дәрігерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер, IT-мамандары, заңгерлер және креативті индустрия өкілдері бар, – делінген хабарламада.

Партия бағдарламасы әділеттілік, жауапкершілік, заңдылық, теңдік, отансүйгіштік және прогресс қағидаттарына негізделген.

Ұйымның негізгі басымдықтары ретінде заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті нығайту, тиімді мемлекеттік институттарды дамыту, өңірлерді қолдау, цифрландыруды ілгерілету, адами капиталды дамыту және бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру белгіленген.

– «Әділет» партиясы өз қызметін кәсібилікке, қоғамдық диалогқа және жауапты азаматтық ұстанымға сүйене отырып, әділетті, заманауи әрі бәсекеге қабілетті Қазақстанды дамытуға қосылатын үлес деп қарастырады, – деп мәлімдеді партия өкілдері.

Мәліметке сәйкес, алдағы кезеңде партия ұйымдық құрылымын одан әрі қалыптастырып, өңірлердегі жұмысын жүйелі түрде дамытуды жоспарлап отыр.