5 мыңнан астам баланың құқығы қорғалды - министрлік

0
95

2025 жылы бала құқығын қорғау саласында заңнаманы жетілдіру мен бақылауды күшейтуге айрықша басымдық берілді.


5 мыңнан астам баланың құқығы қорғалды - министрлік

фото: Esi Grünhagen

ERNUR.KZ. 3 заң қабылданып, 5000-нан астам баланың құқығы қорғалды, деп жазады sputnik.kz.
2025 жылы бала құқығын қорғау саласында заңнаманы жетілдіру мен бақылауды күшейтуге айрықша басымдық берілді. Жылдың ең басты нәтижесі – 3 Заң мен 11 нормативтік құқықтық актінің қабылдануы. Сондай-ақ, бақылау шараларының арқасында 5000-нан астам баланың құқығы қалпына келтірілді.
Заңнамалық өзгерістер негізінен жетім балалардың қауіпсіздігіне және оларды тәрбиелеу жауапкершілігін алған азаматтарға қойылатын талаптарды қатаңдатуға бағытталды.
2025 жылғы 10 ақпандағы Заңмен жетім балаларға тәлімгер болуға ниет білдірген азаматтарды міндетті сертификаттау енгізілді.
Аталған рәсім қатаң тәртіппен жүзеге асырылады: үміткерлер тәлімгерлік ұйымдарында арнайы дайындықтан өтіп, оны міндетті тестілеумен аяқтайды. Тәлімгер сертификаты тек емтиханды сәтті тапсырғандарға ғана беріледі. Бұл талап бала жанында кездейсоқ адамдардың болуына жол бермей, олардың психологиялық қауіпсіздігіне кепілдік береді. Айта кетейік, бүгінде елімізде 360 мыңнан астам азамат жетім балаларға тәлімгер атанып отыр.